333

«Мәйітін қорлаған»: Теміртауда өлтірілген үш баланың анасына қатысты жан түршігерлік деректер шықты

38 жастағы марқұмды тоқтаусыз ұрып, өлігін көлге лақтырған.

«Мәйітін қорлаған»: Теміртауда өлтірілген үш баланың анасына қатысты жан түршігерлік деректер шықты
instagram.com/v.temirtau

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Теміртауда екі айға жуық уақыт іздестірілген 38 жастағы Ирина Керннің мәйіті табылды. Марқұмның туыстары әйелдің қалай қаза тапқаны және күдіктінің тергеуді жаңылыстыруға тырысқаны туралы өз нұсқаларын баяндады. Бұл туралы КТК телеарнасы жазды.

Телеарнаның мәліметінше, Ирина Керн 20 қыркүйекте жоғалып кеткен. Оны іздеуге туыстары, еріктілер мен әскери қызметкерлер жұмылдырылған. Іздеу жұмыстарына әйелдің бірге тұратын азаматы да белсенді қатысқан. Алайда кейін ол адам Иринаның өліміне қатысты басты күдікті болып шыққан.

Марқұмның жақындарының айтуынша, әйелдің бөлшектелген дене қалдықтары күдікті жұмыс істеген шипажай аумағындағы көлден табылған. 40 жастағы ер адам ол жерде от жағушы болып жұмыс істеген деген мәлімет бар.

Қайғылы оқиғадан кейін үш бала анасыз қалды. Олардың ең кішісі небәрі үш жаста. Енді балаларды марқұмның әпкесі өз қамқорлығына алмақ. Әйелдің өзі де үш баланы тәрбиелеп отыр. Оның үстіне, бір апта бұрын ғана күйеуін жерлеген. Соған қарамастан, жиендерін бауырына басуға шешім қабылдаған.

Ал Иринаның өліміне күдікті адамға қатысты марқұмның туысы заң аясында ең қатаң жаза тағайындалуын талап етпек.

Марқұмның әпкесі Анастасия Духованың айтуынша, күдікті әйелді шамамен жарты сағат бойы ұрып-соққан. Кейін оның мәйітін көлге апарып жасырған.

«Ол әйелді шамамен жарты сағат бойы ұрған. Кейін мәйітін қорлаған. Денесін көлікпен алып шығып, көлге, суға жасырған. Мен одан іздеу жұмыстарына көмектесуін, қайда екенін көрсетуін сұраған кезде ол іздеуге қатысып жүрді. Бірақ әпкемнің өліміне қатысы барын мойындамады. Керісінше, тергеуді жаңылыстырып, оның өз еркімен кетіп қалғанына сендіргісі келді», – деді Анастасия Духова.

Еске салайық, 13 қарашада Теміртаудан 22 шақырым қашықтықта бұған дейін хабар-ошарсыз кеткен 38 жастағы әйелдің мәйіті табылған болатын. Оны қарау кезінде зорлық-зомбылық белгілері анықталған.

Полиция адам өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын және күдіктінің ұсталғанын хабарлаған.

Материал авторы