140

«Қолдарына темекі басқан»: Балқашта екі жасөспірім қызға жасалған зорлық-зомбылық тергеліп жатыр

Балқашта 15 және 13 жастағы апалы-сіңлілі қыздарды ер адамдарға беріп отырған.

«Қолдарына темекі басқан»: Балқашта екі жасөспірім қызға жасалған зорлық-зомбылық тергеліп жатыр
Shutterstock

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Балқашта кәмелетке толмаған екі қызға қатысты жасалған заңсыз әрекеттер бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр. 15 және 13 жастағы апалы-сіңлілі қыздарды алдымен сыйлықтар мен түрлі көңіл бөлудің көмегімен өздеріне жақындатқан. Кейін оларды ер адамдармен кездесуге мәжбүрлеп, қорқытып, ұрып-соққан және интимдік сипаттағы фото-видеоларды жариялаймыз деп бопсалаған. Қыздардың ағасы Azattyq Rýhy тілшісіне отбасының бұл жағдайдан қалай хабардар болғанын айтып берді.

Туысының сөзінше, оқиға биыл маусым айында басталған. Сол кезде көшеде қыздарға өздерінен жасы үлкен бойжеткен танысқан.

«Жезөкшелікке тарту әрекеті жазда басталды. Қазір үлкені 15 жаста, ал кішісі небәрі 13-те», – деген ағасы.

Әуелде жаңа танысы жасөспірімдерді дәмханаға шақырып, тамақтандырып, шағын сыйлықтар берген. Кейін оларды өз ортасымен таныстырған. Компаниядағы адамдар да қыздарға көңіл бөліп, косметика сатып алып, серуендеу шығындарын төлеп отырған.

Осылайша, апалы-сіңлілі қыздар жаңа таныстарына сеніп, олармен жиі араласа бастаған. Алайда уақыт өте келе қарым-қатынастың сипаты өзгерген. Ағасының айтуынша, жасөспірімдерді алкоголь мен белгісіз заттарды тұтынуға итермелеп, кейін әртүрлі ер адамдармен интимдік қатынасқа түсуге мәжбүрлеген.

Туысының сөзінше, кейбір жағдайларда қыздар белгісіз заттардың әсерінен не болып жатқанын толық түсінбеген, тіпті өз әрекеттерін бақылау мүмкіндігінен айырылған. Ал басқа жағдайларда олар есін білгенімен, ер адамдар тарапынан күш қолданылған.

Ағасы мұндай оқиғалар бірнеше ай бойы әртүрлі жерде болғанын айтады. Қыздардың жаңа таныстарымен араласуды өз еркімен тоқтатуға да мүмкіндігі болмаған. Себебі компания мүшелерінің қолында жасөспірімдердің интимдік фотосуреттері мен бейнежазбалары болған. Олар қыздарды бұл материалдарды жариялаймыз деп қорқытып, өз талаптарын орындатқан.

«Егер айтқандарын орындамаса, барлық фото мен видеоны жариялаймыз деп қорқытқан. Бастарынан, денелерінен ұрып, қолдарына темекі басқан. Қолдарынан келгенше қорлаған», – дейді қыздардың ағасы.

Жасөспірімдердің әкесі қыздарын жалғыз тәрбиелеп отыр. Отбасын асырау үшін ол түнгі уақытта да жұмыс істеуге мәжбүр болған. Туыстарының болжамынша, қыздарды осындай жағдайға итермелеген адамдар әкесінің үйде болмайтынын пайдаланып, олармен кездесуге мүмкіндік тапқан. Ал отбасы ұзақ уақыт бойы қыздарының басынан не өтіп жатқанынан бейхабар болған.

Жақындары ықтимал зорлық-зомбылық туралы 14 қарашаға қараған түні ғана білген. Осыдан кейін отбасы полицияға арызданған.

Қарағанды облысының полиция департаменті Балқаш қаласының 55 жастағы тұрғыны қыздарына қатысты заңсыз әрекеттер жасалғаны туралы арызбен жүгінгенін растады.

«Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полицейлер күдіктілерді анықтап, ұстады. Заңсыз әрекеттер әртүрлі уақытта және әртүрлі жерде жасалғаны белгілі болды. Ұсталғандардың барлығы уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Қылмыстық істі тергеуге облыстық полиция департаментінің тәжірибелі қызметкерлері тартылған. Тергеу барысы департамент басшылығының ерекше бақылауында. Құқық қорғау органдары сотқа дейінгі тергеу деректерін жариялауға шектеу қоятын Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сілтеме жасап, әзірге өзге мәліметтерді ашпай отыр.

Сонымен қатар отбасы зардап шеккендердің саны екі қызбен шектелмеуі мүмкін деп қауіптенеді. Ағасының айтуынша, сіңлілері осындай жағдайға тап болған басқа да кәмелетке толмаған қыздар туралы айтқан. Алайда олардың нақты саны әзірге белгісіз. Туыстары істің жан-жақты тергеліп, оқиғаға қатысы бар барлық адамның анықталуын талап етіп отыр. 

Материал авторы