458

Астанада 3 жасар баланы балабақшадағы қараңғы әжетханаға қамап қойған

Баласын қараңғы әжетханада қалдырғанын айтқан ана балабақшаға шағымданды.

Астанада 3 жасар баланы балабақшадағы қараңғы әжетханаға қамап қойған
Кирилл Кухмарь/ТАСС

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, астаналық әйел үш жасар ұлын балабақша қызметкерлері қараңғы әжетханада жалғыз қалдырғанын мәлімдеді. Анасының айтуынша, бастапқыда мекеме өкілдері кешірім сұрап, баланың психологиялық жарақат алғанын мойындағанымен, полицияға жүгінгеннен кейін оқиғаның мән-жайын басқаша түсіндіре бастаған. Полиция да тексеру жүргізгенін хабарлады. 

Әйел оқиғаны Threads әлеуметтік желісінде жариялаған. Оның сөзінше, ұлы балабақшада өзін қараңғы әжетханада жалғыз қалдырғанын айтып, болған жағдайды өзі көрсеткен. Анасы бұған дейін баласының мұндай жағдайға қатысты шағым айтпағанын жеткізді.

Әйелдің мәлімдеуінше, әуелде балабақша басшылығы мен қызметкерлері бірнеше рет кешірім сұрап, баланың психологиялық зардап шеккенін мойындаған. Анасы мекемеге тағы бір мүмкіндік беруге де дайын болған.

Алайда кейін мекеме өкілдерінің ұстанымы өзгергенін айтады. Оның сөзінше, балабақша қызметкерлері ақшасын қайтарып, баласын басқа мекемеге ауыстыруды ұсынған. Сондай-ақ әйел балабақша меңгерушісі мен тәрбиешілердің біреуі туған әпкелі-сіңлілі екенін, мекемеде олардың басқа да туыстары жұмыс істейтінін мәлімдеді. Бұл жағдай ішкі тексерудің әділдігіне күмән тудырған.

Анасы полиция шақырғанын, қызметкерлер арызын қабылдап, оған талон-хабарлама бергенін айтты. Бірақ әзірге ресми жауап алмаған. Оның пікірінше, оқиғаға қатысты бейнежазбалардың болмауы баланың сөзін тексеруге кедергі ретінде көрсетілген. Әйел балабақша қажетті кезеңдегі бейнежазбаларды ұсынбағанын да мәлімдеді.

«Мен ешкімді тексерусіз жазалауды талап етіп отырған жоқпын. Тек оқиғаның әділ әрі объективті қаралуын және баламның құқығы қорғалуын сұраймын», – деді баланың анасы.

Алматы ауданының полиция басқармасы бұл дерек бойынша тексеру жүргізілгенін хабарлады. Оның аясында мектепке дейінгі ұйым қызметкерлерінен жауап алынған.

Полицияның мәліметінше, тексеру қорытындысында қылмыстық құқық бұзушылық белгілері анықталмаған. Жиналған материалдар тиісті шешім қабылдау үшін Астана қаласының Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментіне жолданған.

Айта кетейік, бұған дейін Астанада Мәңгілік Ел даңғылындағы мемлекеттік балабақшаға қатысты да дау шыққан еді. Сол кезде тәрбиеленушілердің бірінің туысы мекеме қызметкерлерін балаға күш қолданды деп айыптаған. Ал Алматыдағы түзету орталықтарының бірінде де балаға тиісті деңгейде қарамау дерегіне қатысты шағым жарияланған.

Материал авторы