Қонаевта 11 жастағы бала мектепте баспалдақтан құлап, ауруханада көз жұмды
Дәрігерлер оқушыға шұғыл ота жасағанымен, оның өмірін сақтап қала алмады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қонаев қаласындағы мектептердің бірінде 11 жастағы оқушы ауыр жарақат алып, ауруханада қайтыс болды. Қайғылы оқиға сабақ арасындағы үзіліс кезінде болған. Бұл туралы NUR.KZ басылымы Алматы облысының Білім басқармасына сілтеме жасап хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, оқыс жағдай 16 қарашада сағат 13:18 шамасында болған. Үшінші қабаттағы баспалдақтың сүйенішіне сырғанап мінген оқушы тепе-теңдігін жоғалтып, екінші қабат деңгейіне құлаған. Бала басынан ауыр жарақат алған.
Оқиға орнына жедел жәрдем шақырылып, оқушы аса ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер екі тәулік бойы оның өмірін сақтап қалуға күш салған. Медициналық көмекке республикалық, қалалық және облыстық деңгейдегі балалар нейрохирургтері де тартылған.
17 қарашада баланың жағдайына байланысты шұғыл ота жасалды. Алайда дәрігерлердің күш-жігері мен реанимациялық шараларға қарамастан, 18 қараша күні сағат 10:00-де оның қайтыс болғаны тіркелді.
Алматы облысының Білім басқармасы марқұмның отбасына, туған-туыстарына, сыныптастарына және мектеп ұжымына көңіл айтты.
Материал авторы