Пойыздағы жанжал: 69 жастағы ер адам студент қыздың шағымынан кейін ұсталды
Студент қыз өзін пойыздағы жолаушының әдепсіз әрекетіне тап болғанын айтып, полицияға арызданды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Маңғыстау – Алматы бағытындағы №077ХА жолаушылар пойызында болған оқиғаға байланысты 69 жастағы Қызылорда тұрғыны ұсталды. Бұған 20 жастағы студент қыздың әлеуметтік желіде жариялаған шағымы себеп болды.
Студент қыздың айтуынша, ер адам пойызға Қызылорда қаласында отырған. Алғашында жолаушылар арасында кәдімгі әңгіме болғанымен, кейін қыз өзін ер адамның әдепсіз әрі мазасыз әрекеттеріне тап болғанын мәлімдеді.
Оның сөзінше, жолаушы өзіне қайта-қайта қадалып қарап, аяғымен жанасуға әрекет жасаған және орынсыз қылықтар көрсеткен. Қыз болған жайт туралы вагон жолсерігіне хабарлаған.
Студенттің мәлімдеуінше, пойыз қызметкерлері араласқаннан кейін әлгі жолаушы мәселені жабу үшін оған 80 мың теңге ұсынған.
Қызға Алматы-1 станциясында көлік полициясын шақыру ұсынылған. Алайда оқиғаны сол жерде рәсімдеу үшін пойыздан түсу қажет болған. Сабаққа асыққан студент вагонда қалып, сол кезде шағымы жоқ екені туралы қолхат жазған.
Дегенмен Алматыға жеткеннен кейін ол полицияға арыздануға шешім қабылдады.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ оқиға туралы ақпарат жолсеріктен пойыз бастығына берілгенін мәлімдеді. Компанияның хабарлауынша, жолаушыға жол үстінде көлік полициясын шақыру ұсынылғанымен, ол бастапқыда оқиғаны рәсімдеуден бас тартқан.
Тасымалдаушы пойыз бригадасы қолданыстағы тәртіпке сай әрекет еткенін айтып, қыздан болған жағдай үшін кешірім сұрады.
Көлік полициясы күдікке ілінген азаматтың жеке басын анықтады. Ол Қызылорда қаласының 69 жастағы тұрғыны болып шықты. Ер адам ұсталып, полиция бөлімшесіне жеткізілді.
Оған қатысты ұсақ бұзақылық және түнгі уақытта тыныштықты бұзу деректері бойынша екі әкімшілік материал толтырылды. Тыныштықты бұзғаны үшін айыппұл салынды, ал ұсақ бұзақылыққа қатысты материал сотқа жолданды.
Материал авторы