Павлодар облысының әкімі 19 жастағы қызға жұмыс табуға көмектеспек болды
Threads желісінде жұмыс іздеген 19 жастағы бойжеткеннің жазбасына Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов жауап берді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов әлеуметтік желідегі жұмыс іздеп жүрген 19 жастағы бойжеткеннің хабарламасына жауап берді. Өңір басшысы қызға нақты бағыт көрсетіп, жұмыс табуға қолдау білдірген.
Threads әлеуметтік желісінде Павлодар қаласының тұрғыны жұмыс іздеп жүргенін жариялаған. Ол 19 жаста екенін және түнгі ауысымда еңбек етуге дайын екенін айтқан.
Қыздың жазбасы Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың назарынан тыс қалмады. Өңір басшысы оған 109 қолдау қызметіне жүгінуге кеңес берді.
Әкімнің айтуынша, қызмет операторлары екі ауысыммен жұмыс істейді. Ол сондай-ақ бойжеткенге Павлодар қаласындағы Азаматтарды қабылдау орталығының мекенжайын көрсетті.
Қыз әкімнің жеке өзі жауап береді деп күтпегенін айтып, өңір басшысына алғыс білдірген.
Бұған жауап ретінде Асайын Байханов бойжеткенді сабырға шақырып, жұмыс міндетті түрде табылатынын жеткізген.
Әкім мен жұмыс іздеуші қыздың әлеуметтік желідегі хат алмасуы көпшіліктің назарын аударды. Қолданушылар өңір басшысының халықпен тікелей байланыс орнататынын атап, оның әрекетіне оң пікір білдірді.
Айта кетейік, Асайын Байханов бұған дейін де Threads әлеуметтік желісінде тұрғындардың сауалдарына жауап беріп, түрлі мәселелер бойынша пікір алмасқан.
Материал авторы