«Шашымнан сүйреп, тепкіледі»: астаналық қыз өзін бір топ адам соққыға жыққанын айтты
Қыздың айтуынша, түнгі клубтағы кездейсоқ жағдайдан кейін туындаған жанжал топтық шабуылға ұласқан.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астана полициясы түнгі клубқа барған қыздың топ болып соққыға жығылғаны туралы мәлімдемесіне байланысты тергеу жүргізіп жатыр.
Астаналық қыз әлеуметтік желідегі Threads парақшасында оқиғаның 15 тамыз күні елордадағы Nova клубында болғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, ол клубқа келушілердің бірін байқамай қағып кетіп, сол сәтте кешірім сұраған. Алайда осыдан кейін жастардың бір тобымен сөзге келіспеушілік туындаған.
Қыздың сөзінше, жанжал барысында оған ауыр сөздер айтылып, қатысушылардың бірі қол көтермек болған. Клубтағы жанжал күзет қызметкерлерінің араласуымен тоқтатылған.
Алайда қыздың айтуынша, оқиға мұнымен аяқталмаған. Ол мекемедегі бейнебақылау камераларында өзін жерге құлатып, бірнеше адамның соққыға жыққаны және шашынан сүйрегені анық көрінетінін мәлімдеді.
Жәбірленушінің айтуынша, болған жағдайдан кейін оның денесінде көптеген көгерген із қалып, ми шайқалуының жеңіл түрі анықталған. Оның сөзінше, күзет қызметкерлері шабуыл жасаған адамдарды өзінен әрең ажыратқан.
Оқиғаға қатысты Астана қаласы Есіл аудандық полиция басқармасы түсініктеме берді.
Полиция дене жарақатын салу дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады. Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп, тиісті сараптама тағайындалған.
Құқық қорғау органдары жанжалға қатысы болуы мүмкін барлық адамды анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтер жарияланбайды.
Материал авторы