618

Қарағандыдағы ауруханада өрт шығып, 20 науқас құтқарылды

Өрт аурухана аумағындағы жиналған макулатурадан басталып, кіреберіс бөліктің шатырына тараған.

Қарағандыдағы ауруханада өрт шығып, 20 науқас құтқарылды
ТЖМ

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қарағандыдағы көпсалалы ауруханалардың бірінің аумағында өрт шығып, қауіпсіздік мақсатында 20 науқас эвакуацияланды.

Оқиға Қазыбек би атындағы ауданның Мұқанов көшесінде орналасқан медициналық мекеме аумағында болған.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, әуелі аурухана аумағында жиналып тұрған макулатура өртенген. Кейін жалын негізгі бес қабатты ғимаратқа жалғасып салынған бір қабатты кіреберіс бөліктің ағаш шатыр құрылымына тараған.

Оқиға орнына Қарағанды облысы төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру бөлімшелері дереу жетті. Аурухана әкімшілігімен бірлесіп, құтқарушылар науқастардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін эвакуация жұмыстарын жүргізген.

Өрттің көрші бөлікке тарау қаупі болғандықтан, 20 науқас аурухананың басқа блогына көшірілді.

ТЖМ мәліметінше, өрт 25 шаршы метр аумақта толық сөндірілген. Құтқарушылардың жедел әрекетінің арқасында жалынның аурухананың негізгі ғимараты мен оған жапсарлас нысандарға таралуына жол берілмеді.

Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ. Қазір өрттің шығу себебі анықталып жатыр.

Материал авторы