372

ШҚО-да қызмет үстінде жараланған өрт сөндірушінің өліміне қатысты іс сотқа жолданды

Сегіз айға созылған тергеуден кейін өрт сөндірушінің қазасына қатысты қылмыстық іс сот қарауына жіберілді.

ШҚО-да қызмет үстінде жараланған өрт сөндірушінің өліміне қатысты іс сотқа жолданды

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауданында қызмет орнында жараланып, кейін көз жұмған 41 жастағы өрт сөндіруші Ескендір Тілекке қатысты қылмыстық іс сегіз айдан соң сотқа жіберілді. Алғашқы сот отырысы 14 қыркүйекке белгіленген. Бұл туралы Kazinform басылымы жазды.

Ескендір Тілек азаматтық қорғау жүйесінде 20 жылдан астам уақыт қызмет еткен. Ол 2026 жылдың 7 қаңтарына қараған түні Катонқарағай ауданындағы №27 өрт сөндіру бөлімінің аумағында жарақат алған.

Марқұмның жұбайы Меруерт Қайратқызының айтуынша, күйеуі сол сәтте қызметте болған. Оны ауруханаға жедел жәрдем емес, өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері өздері жеткізген.

Дәл осы алғашқы сағаттарда болған жайттар отбасының күдігін күшейтіп отыр. Жұбайы оқиға орнына неге жедел жәрдем мен полиция шақырылмағанын, жараланған қызметкерді кімнің бірінші болып тапқанын және оқиғаның өрт сөндіру бөлімі аумағының нақты қай жерінде болғанын анықтағысы келеді.

Сонымен бірге отбасы оқиғаның бейнебақылау камераларына не себепті түспегеніне де жауап іздеп отыр. Марқұмның жұбайының сөзінше, камералар жұмыс істемеген деген уәж айтылған. Алайда оқиға өрт сөндіру бөлімінің аумағында болғанына қарамастан, куәгерлердің де жоқтығы отбасының сауалын көбейткен.

Меруерт Қайратқызы әлеуметтік желідегі жазбасында бұл оқиға туралы соңынан хабардар болғанын айтты. Оның сөзінше, сол күні таңертең балалары әкесін жұмыстан күтіп отырған.

Марқұмның отбасы Ескендір Тілек қандай көлікпен ауруханаға жеткізілгенін және кейін сол көлікке тиісті тексеру жүргізілген-жүргізілмегенін де анықтауды талап етеді.

Отбасының сауалдары оның ауруханаға түскеннен кейінгі жағдайына да қатысты. Марқұмның анасы Мирзат Ақтамбаеваның айтуынша, 7 қаңтарға қараған түні ұлына операция жасалған. Әйел ауруханаға сол күні таңертең келгенде, баласы есін біліп, сөйлесіп жатқанын көргенін айтқан. Дәрігерлер операция сәтті өткенін хабарлаған.

Алайда кейін науқастың жағдайы күрт нашарлаған. 8 қаңтар күні таңертең туыстарына оның қайтыс болғаны хабарланған.

Марқұмның анасы болған жағдайға медициналық қызметкерлердің әрекеті де әсер етуі мүмкін деп санайды және оларға құқықтық баға беруді талап етіп отыр. Бұл уәждің қаншалықты негізді екенін, сондай-ақ көрсетілген медициналық көмектің өлімге қатысы бар-жоғын сарапшылар мен сот анықтайды.

Ал жарақат алу оқиғасына қатысты тергеу аяқталған.

ШҚО полиция департаментінің мәліметінше, күдіктіге қатысты жәбірленушінің өліміне әкеп соқтырған ауыр дене жарақатын келтіру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілген. Қылмыстық іс мәні бойынша қарау үшін Катонқарағай аудандық сотына жолданды.

Шығыс Қазақстан облыстық соты істің өндіріске қабылданғанын растады. Іс материалдарында жүргізілген сараптамалардың қорытындылары да бар. Алғашқы сот отырысы 14 қыркүйекке белгіленді.

Оқиғадан кейін Төтенше жағдайлар министрлігі жүйесінде де қызметтік тексеріс жүргізілген. ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті ішкі тергеу болғанын растағанымен, оның нәтижесін жарияламады.

Ведомство өкілдері өңірдегі ТЖД бөлімшелерінде бейнебақылау камералары жұмыс істейтінін мәлімдеді. Бірақ Катонқарағай ауданындағы өрт сөндіру бөлімінде болған оқиғаның не себепті бейнежазбаға түспегені және сол уақытта камералардың жұмыс істеген-істемегені туралы нақты жауап берілмеген.

Ескендір Тілектің артында 12 жастағы ұлы мен бір жасар қызы қалды. Жұбайы болған жағдайдың барлық мән-жайын жан-жақты тексеріп, іске қатысы бар адамдардың әрекетіне толық құқықтық баға беруді сұрап отыр.

Енді өрт сөндірушінің қаза болуына қатысты істің түпкілікті мән-жайын сот таразылайды.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор