Тоқаев: Қазақстан мен Қытай халықаралық мәселелерде ұқсас ұстанымда
Қазақстан БҰҰ-ның рөлін күшейтуді қолдап, Қытаймен халықаралық ұйымдар аясындағы үйлесімді жұмысты жалғастырмақ.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстан мен Қытай халықаралық күн тәртібіндегі бірқатар маңызды мәселеге қатысты ұқсас көзқарас ұстанады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың «Синьхуа» агенттігіне берген эксклюзивті жазбаша сұхбатында айтты.
Президенттің айтуынша, екі ел халықаралық аренада белсенді ынтымақтастық орнатып келеді. Атап айтқанда, Қазақстан мен Қытай Біріккен Ұлттар Ұйымының орталық рөлін күшейту, халықаралық құқық қағидаттарын қорғау, медиацияны дамыту және көпжақты ынтымақтастықты нығайту мәселелерінде ортақ ұстанымға жақын.
Қасым-Жомарт Тоқаев қақтығыстарды бейбіт жолмен реттеудің маңызын да атап өтті.
Қазақстан «біртұтас Қытай» саясатын ұстанады. Сонымен қатар еліміз мемлекеттердің аумақтық тұтастығы қағидатын бұзуға қарсы екенін білдіріп келеді.
Мемлекет басшысы Қазақстанның Қытаймен халықаралық ұйымдар аясындағы үйлесімді жұмысты жалғастыратынын жеткізді. Бұл ретте БҰҰ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) және Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі (АӨСШК) алаңдарындағы ынтымақтастыққа, сондай-ақ «Орталық Азия – Қытай» форматына басымдық беріліп отыр.
Президент ШЫҰ аясындағы өзара іс-қимылға да тоқталды. Биыл ұйымның құрылғанына 25 жыл толып отыр.
Тоқаевтың пікірінше, осы уақыт ішінде ШЫҰ өзара сенім, тең құқықтылық, диалог, мәдени әралуандықты құрметтеу және ортақ дамуға ұмтылуға негізделген «Шанхай рухын» сақтап қалды.
Мемлекет басшысы аталған қағидаттарды халықаралық ынтымақтастықтың өзіндік стандарты ретінде бағалады.
Материал авторы