797

«Велосипедімді ұрлады»: Астанада саяхатшының әлеуметтік желідегі видеосынан кейін полиция тексеру жүргізді

Саяхатшы велосипеді ұрланғанын айтып видео жариялады.

«Велосипедімді ұрлады»: Астанада саяхатшының әлеуметтік желідегі видеосынан кейін полиция тексеру жүргізді
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, саяхатшы Бүрлен Әділетқызы әлеуметтік желіде Астанада велосипеді ұрланғанын айтып, видео жариялаған. Жазба тарағаннан кейін полиция тексеру жүргізіп, велосипедтің ұрланбағанын анықтады.

Астана қаласы полиция департаментінің мәліметінше, саяхатшыдан велосипедтің ұрланғаны туралы ресми арыз түспеген. Алайда әлеуметтік желіде тараған бейнежазбаға байланысты полицейлер оқиғаның мән-жайын тексерген.

Нәтижесінде велосипедтің иесінің құрбысында қалдырылғаны белгілі болды. Осылайша, оның ұрланғаны туралы ақпарат расталмады.

Полиция жалған немесе шындыққа жанаспайтын ақпарат таратудың құқықтық салдары болуы мүмкін екенін еске салды. Ведомство мұндай әрекеттер үшін Қазақстан заңнамасына сәйкес жауапкершілік қарастырылғанын атап өтті.

Осыдан кейін Бүрлен Әділетқызы пікір білдіріп, әлеуметтік желіде оқиғаға қатысты шындыққа жанаспайтын бірқатар мәлімет тарағанын айтты.

Велосаяхатшының сөзінше, желіде оны бұл жағдайды «хайп пен ақша үшін» жасап жатыр деп айыптап, ауыр сөздер жазғандар бар. Ол мұндай пікірлердің өзіне жағымсыз тигенін айтқанымен, өзін ақтауға ниетті емес екенін жеткізді. Сонымен бірге ол велосипедтің «құрбысының үйінен табылғаны» туралы ақпараттың да бұрмаланғанын түсіндірді.

«Велосипед құрбымның үйінде тұрған жоқ. Ол құрбым тұратын тұрғын үй кешенінің аумағынан табылды. Велосипедті сол жердің күзетшілері алып кеткен. Алайда кейбір ақпарат көздерінде «құрбысының үйінен табылды» деген қате мәлімет тараған», – деді ол.

Бүрлен Әділетқызының айтуынша, құрбысы велосипедтің тұрғын үй кешенінің ауласында тұрғанын білмеген. Велосаяхатшы өз сөзін растау үшін полиция өкілдерінің осы жағдайға қатысты жазған хабарламасын да ұсынған.

Материал авторы