577

«Қызымды ұрып жіберген»: Астанадағы балабақшада балаға қатысты дау шықты

Балабақша әкімшілігі камералардың техникалық ақауға байланысты жұмыс істемегенін айтты.

«Қызымды ұрып жіберген»: Астанадағы балабақшада балаға қатысты дау шықты
threads.com/@guli800423

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанадағы жекеменшік балабақшалардың бірінде бала жарақат алған. Баланың анасы әлеуметтік желіде қызын мекеме қызметкері ұрғанын айтып, оның бетіндегі жарақаттың суретін жариялады.

Әйелдің сөзінше, оқиға елордадағы «Сова» жекеменшік балабақшасында болған. Ол балабақшада балалар қауіпсіз болуы керек екенін айтып, қызына қатысты жағдайға алаңдаушылық білдірген.

Оқиғаға байланысты балабақша әкімшілігі қызметтік тексеру жүргізіп жатыр. Мекеме өкілдерінің айтуынша, педагог баланың ойын кезінде құлап, содан жарақат алғанын түсіндірген.

Алайда тексеру әлі аяқталмағандықтан, баланың жарақатының нақты себебі туралы түпкілікті қорытынды жасауға ерте. Әкімшілік барлық мән-жай анықталғаннан кейін қосымша түсініктеме беретінін хабарлады.

Балабақша өкілдері сондай-ақ оқиға кезінде бейнебақылау жүйесі жұмыс істемегенін растады. Мекемеде камералардың техникалық ақауы мен оны жоюға қатысты тиісті акт бар екені айтылды.

Сонымен қатар баланың құқығы мен жеке өмірін қорғау мақсатында оның жеке деректері мен кім екенін анықтауға мүмкіндік беретін ақпарат жарияланбайтыны ескертілді. Мекеме шындыққа сәйкес келмейтін, нақты дерекпен расталмаған ақпаратты тарату заң бойынша жауапкершілікке әкелуі мүмкін екенін де атап өтті.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор