370

Астанада 26 мектептің оқушыларына құқық бұзушылықтың салдары түсіндірілді

Құқық қорғау органдары мен психологтар оқушыларға заң бұзудың салдарын және әлеуметтік желідегі бейтаныс адамдардың ұсыныстарына сақтықпен қарау қажеттігін айтты.

Астанада 26 мектептің оқушыларына құқық бұзушылықтың салдары түсіндірілді
gov.kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, елордада «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайтуға бағытталған профилактикалық кездесулер басталды. Алғашқы екі күнде 26 мектепте дәрістер өтіп, оған 7 мыңға жуық оқушы қатысты.

Кездесулерге 8-11 сынып оқушылары мен колледж студенттері қатысып жатыр. 16 қыркүйекке дейін жалғасатын шараларда жасөспірімдерге құқық бұзушылықтың салдары, буллинг, зорлық-зомбылық, есірткі, кибербуллинг және интернеттегі қауіптер туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Астанадағы №72 мектепте өткен кездесуде Сарайшық ауданы прокуратурасының аға прокуроры Нұрдәулет Ешенқұлов жасөспірімдер арасындағы топтық төбелестердің өзекті мәселелердің біріне айналғанын айтты.

«Қазір ең өзекті болып тұрғаны – топтық төбелестер. Яғни үш-төрт бала жиналып, бір-бірімен сөзге келіп, төбелесіп, соның салдарынан түрлі құқық бұзушылықтарға себеп болып жатыр. Жақында осындай бір дерек тіркелді. Бір баланың төбелеске араласуына байланысты оның қасындағы балалар да жиналып, жанжалға қатысқан. Осындай жағдайлардың алдын алу маңызды», – деді прокурор.

Оның айтуынша, профилактикалық кездесулер барысында жасөспірімдерге жанжалдың соңы құқық бұзушылыққа ұласуы мүмкін екені түсіндіріліп жатыр. Сондай-ақ кибербуллинг мәселесіне де ерекше назар аударылған.

Мамандар оқушыларға заң бұзған жағдайда қандай жауапкершілік қарастырылатынын түсіндіріп, құқыққа қайшы әрекеттердің салдарына тоқталды. Әлеуметтік желідегі бейтаныс адамдардың ұсыныстарына, әсіресе оңай жолмен ақша табуға шақыратын хабарламаларға сенбеу қажеттігі ескертілді.

Прокурор интернеттегі алаяқтықтың да кең таралған қауіптердің бірі екенін атап өтті.

«Алаяқтық фактілері бойынша қылмыстық істер тіркеліп жатыр. Мысалы, бізге күніне 5-6 дерекке дейін түседі. Мұнда көбінесе интернет желісін толық түсінбейтін адамдар жәбірленуші болады. Алаяқтар түрлі тәсіл қолданады. Мысалы, «біз сізге көмектесеміз» деп хабарласады немесе мемлекеттік органдардың атынан қоңырау шалып тұрғанын айтады. Ұлттық банк немесе Халық банктен хабарласып тұрмыз деп алдайтын жағдайлар да бар», – деді Нұрдәулет Ешенқұлов.

Профилактикалық кездесулерге прокуратура, полиция, Экономикалық тергеп-тексеру департаменті, білім беру саласының мамандары мен психологтардан құралған ведомствоаралық мобильді топтар қатысып жатыр.

Оқушыларға күнделікті өмірде және интернет кеңістігінде қауіпсіздік ережелері түсіндіріліп, әлеуметтік желідегі қауіптер мен кибербуллингтен қорғану жолдары айтылды. Сонымен қатар құқық бұзушылық пен кибербуллингтің салдарын көрсететін бейнематериалдар ұсынылды.

«Заң мен тәртіп» қағидатын нығайтуға бағытталған профилактикалық шаралардың негізгі мақсаты – жасөспірімдердің құқықтық сауатын арттыру, қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру және құқық бұзушылықтың алдын алу. Елордадағы білім беру ұйымдарында түсіндіру жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жалғаса береді.