Алматы облысындағы ата-аналар кітапты өздері басып шығарып жатыр
Ата-аналардың айтуынша, бір кітаптың құны 4-5 мың теңгеге жетеді, ал көпбалалы отбасылар үшін мұндай шығын айтарлықтай салмақ түсіреді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы облысының Алмалыбақ ауылындағы жаңа мектепте төртінші сынып оқушыларына оқулық жетіспей, ата-аналар кітаптарды өздері басып шығаруға мәжбүр болған. Кей отбасылар электронды оқулықтарды қағазға шығарып, парақтарын үй жағдайында тігіп жатыр. Бұл туралы ПИСЬМО ПРЕЗИДЕНТУ Telegram-арнасы жазды.
Төртінші сыныпта оқитын баланың анасы мектептен бірде-бір оқулық алмағанын айтып, жағдайға наразылығын білдірген. Оның айтуынша, мектептегі кітап тапшылығы оқушы санының көптігімен түсіндіріліп, ата-аналардан күте тұру сұралған.
«Біз Алматыда тұратынымызды мақтан тұтып айтамыз. Бірақ дамыған заманда адамның өз қолымен кітап жасап отырғанын көрдіңіз бе? Төртінші сынып үшін мектептен бір де бір оқулық алмадық. Біз бұл мектепті «Жайлы мектеп» деп атап, балаларға шынымен жайлы білім алады деп үміттендік. Әрине, күтеміз – басқа не істейміз? Бірақ үш, төрт немесе бес баласы оқитын отбасылар бар. Мүмкіндігі бар ата-аналар кітаптарды өздері сатып алады. Ал қалғандары оларды үйде басып шығарып, тігуге мәжбүр», – деді ата-ана.
Оның сөзінше, оқулықпен қатар жұмыс дәптерлері де қажет. Кей мектептерде олар кітаппен бірге берілетінін айтқан ата-ана өз баласына оқулық та, дәптер де берілмегенін жеткізді. Оның айтуынша, бір кітаптың бағасы шамамен 4-5 мың теңге, бұл кей отбасылар үшін қосымша шығын.
Мәселеге Алматы облысының білім басқармасы түсініктеме берді. Ведомствоның мәліметінше, Алмалыбақ ауылындағы мектептің төртінші сыныптарында 224 оқушы білім алады. Оқу жылы басталған кезде оқушылар саны артқандықтан, кейбір оқулықтар уақытша жетіспеген.
Сонымен қатар білім басқармасы ата-аналарға электронды оқулықтарды А4 форматындағы қағазға толық басып шығарып, мектепке әкелу міндеттелмегенін атап өтті.
«Оқушылар мен олардың ата-аналарына электронды оқулықтарды А4 форматындағы парақтарға толық басып шығарып, мектепке әкелу міндеттелген жоқ. Электронды оқулықтарды басып шығару ата-аналар үшін міндетті талап емес», – деп хабарлады ведомство.
Қазір Қарасай ауданындағы мектептер үшін оқулықтардың қосымша партиясы сатып алынып жатыр. Білім басқармасы жаңа кітаптар 7 қыркүйекте жеткізілетінін мәлімдеді.
Материал авторы