797

«Тозақ мен үшін жоқ»: Баян Алагөзова дін туралы өткір пікір айтып, желіде пікірталас туғызды

Баян Алагөзова тозақ пен жұмаққа сенбейтінін айтып, діндегі «72 хор қызы» туралы ирониялы сұрақ қойды.

«Тозақ мен үшін жоқ»: Баян Алагөзова дін туралы өткір пікір айтып, желіде пікірталас туғызды
instagram.com/bayanmaxatkyzy

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, продюсер Баян Алагөзова дін тақырыбына қатысты өткір пікір білдіріп, тозақ пен жұмаққа сенбейтінін ашық айтты. Оның жазбасы әлеуметтік желіде қызу талқыланып, оқырмандардың пікірі екіге бөлінді.

«Дін мен оның насихатынан қатты шаршадым. Бірден айтайын, мені тозақпен қорқытудың қажеті жоқ, ол мен үшін жоқ. Әлемдегі бірде-бір адам маған оның бар екенін көргенін айта алмайды. Жұмаққа қатысты да дәл солай – міне, бұл нақты ақпарат! Оның үстіне 72 пәк қыз бар. Мен тек гипотетикалық тұрғыда олардың пәктігінен кім және нақты қалай айыратынына қатты қызығамын. Мұны біреу біле ме?» – деп жазды Баян Алагөзова Threads желісінде.

Продюсердің бұл сөзіне желі қолданушылары түрлі пікір білдірді. Кейбірі оның адамды ұлтына, дініне және нәсіліне қарай бөлудің қоғамды басқаруды жеңілдету үшін пайда болғанын айтқан пікірін қолдады.

«Біздің сүйікті Баянымыз, адамдарды ұлтына, дініне және нәсіліне қарай бөлу бізді басқаруды жеңілдету үшін ойлап табылған», – деп жазған пікір иелерінің бірі продюсерге қолдау білдірді.

Алайда басқа оқырмандар Баян Алагөзованың діни сенімге қатысты сөздерін орынсыз деп бағалады. Олардың пікірінше, адамның Құдайға, жұмаққа немесе тозаққа сенбеуге құқығы бар, бірақ миллиондаған адам үшін қасиетті саналатын дүниелерді көпшілік алдында келемеждеу – бөлек мәселе.

«Баян Мақсатқызы, Құдайға, жұмаққа немесе тозаққа сенбеуге толық құқығыңыз бар – сенім мәжбүрлі болмауы керек. Бірақ өзіңіз сенбеу мен миллиондаған адам үшін қасиетті саналатын нәрсені көпшілік алдында келемеждеудің арасы жер мен көктей», – деп жазды желі қолданушысы.

Тағы бірқатар пікір иелері продюсерді діни тақырыпты әдейі қозғады деп айыптап, оған мән бермеуге шақырды.

«Арандатуға ермейміз, мұсылмандар! Өзі сенбесе, оның шаруасы», – деген пікір де жазылды.

Сонымен қатар кейбір оқырман Баян Алагөзованың «72 пәк қыз» туралы ирониясына қарсы шығып, алдымен бұл түсініктің діни мәтіндерде қайдан шыққанын зерттеу керек екенін айтты. Өзге қолданушылар продюсердің дін тақырыбын қайта-қайта көтеретінін сынап, оның діни мәселелер жөніндегі пікірлері адамдарды жаңылыстыруы мүмкін екенін алға тартты.

Осылайша, Баян Алагөзованың жазбасы әлеуметтік желіде діни сенім, жеке көзқарас және өзге адамдардың сеніміне құрмет көрсету мәселесіне қатысты қызу пікірталас туғызды.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор