«Түпнұсқаның орнына көшірме қойған»: экс-әкім Бауыржан Байбектің 90 млн теңгелік сағаттары ұрланған
Күдікті үй иелері шетелге кеткен кезде қымбат сағаттарды алып, орнына алдын ала дайындалған көшірмелерді қойған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, бұрынғы Алматы әкімі Бауыржан Байбектің қымбат сағат коллекциясы ұрланған. Алдын ала мәлімет бойынша, ұрлық жасаған адам түпнұсқа сағаттарды арнайы дайындалған көшірмелермен алмастырған. Бұл туралы Kozachkov offside Telegram-арнасы және Астана Полиция департаменті хабарлады.
Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сәйкес, күдікті экс-шенеуніктің үйіне бұрыннан кіріп жүрген адам болған. Ол Бауыржан Байбектің көмекшісінің көмекшісі ретінде түрлі тапсырмаларды орындаған, көлікпен жүрген және үйге бірнеше рет барған.
Жарияланған мәліметке қарағанда, ер адамның назарын қымбат сағаттар коллекциясы аударған.
Үй иесі отбасымен бірге шетелге кеткен кезде, күдікті қызметтік көліктен алдын ала алған қосалқы кілттер арқылы үйге кірген деген болжам бар.
Ақпаратта күдікті қарапайым ұрлықпен шектелмей, алдын ала жоспар құрғаны айтылады.
Болжам бойынша, ол люкс брендтердің сағаттарына ұқсас көшірмелерді алдын ала сатып алып, түпнұсқа бұйымдардың орнына қойған.
Осылайша Бауыржан Байбектің шамамен 90 млн теңге көлеміндегі сағаттары жоғалғаны хабарланды.
Алайда коллекция иелері көп ұзамай сағаттардың түпнұсқа емес екенін анықтап, полицияға жүгінген.
NUR.KZ тілшісінің сауалына жауап берген Астана қаласы Полиция департаменті аталған факт бойынша күдіктінің ұсталғанын хабарлады.
«Сағаттарды ұрлау фактісі бойынша полиция 31 жастағы күдіктіні ұстады. Қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жалғасып жатыр», – деді ведомство.
Қазір құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, ұрлыққа қатысы болуы мүмкін басқа тұлғаларды тексеріп жатыр.
Материал авторы