Алматыдағы дүкендегі жанжал төбелеске ұласты: ер адам кеуде тұсынан жараланды
Полиция мәліметінше, бастапқыда сөзге келіспеушілік болған, кейін жағдай төбелеске ұласқан.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыдағы азық-түлік дүкендерінің бірінде болған жанжал ауыр жағдаймен аяқталды. Сөзге келіспеушілік төбелеске ұласып, ер адамдардың бірі кеуде тұсынан жарақат алған.
Оқиға қаланың Түрксіб ауданындағы шағын азық-түлік дүкенінде болған. Полиция мәліметінше, жанжалға екі ағайынды және дүкен қызметкері қатысқан.
Алғашында олардың арасында ауызша түсініспеушілік туындаған. Алайда жағдай тез арада төбелеске айналған.
Алматы полициясының хабарлауынша, төбелес барысында қатысушылардың бірі кеуде тұсынан өткір затпен соққы алған.
«Жанжал кезінде қатысушылардың біріне кеуде тұсы аймағына өткір затпен соққы жасалған. Зардап шеккен адамға алғашқы көмек көрсетілді. Учаскелік инспектор жанжалға қатысушыларды жедел ұстап, полиция бөліміне жеткізді», – деп хабарлады ведомство.
Қазіргі уақытта оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Полиция жанжалдың барлық мән-жайын анықтап жатыр. Тергеу қорытындысы бойынша әр қатысушының әрекетіне құқықтық баға беріледі.
Материал авторы