1010

Саяжайдағы қанды оқиға: Екі адамды атып өлтірудің мән-жайы белгілі болды

Тергеу нұсқасы бойынша, күдікті алдымен саяжай кооперативінің төрағасын атып, кейін оқиғаның кездейсоқ куәгері болған әйелдің көзін жойған.

Саяжайдағы қанды оқиға: Екі адамды атып өлтірудің мән-жайы белгілі болды
pixabay.com

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қарағандыдағы «Оптимист» саяжай қауымдастығында болған қос кісі өлімінің мән-жайы белгілі болды. Тергеу нұсқасы бойынша, 56 жастағы ер адам алдымен кооператив төрағасын атып, кейін оқиғаның кездейсоқ куәгеріне айналған әйелдің де өмірін қиған. Бұл туралы КТК телеарнасы жазды.

Қанды оқиға саяжай қауымдастығының шығаберісінде кешкі уақытта болған. Қарсаңында бұл аумақта жарықтандыру бағаналары мен бейнебақылау камераларын орнату жұмыстары жүргізілген.

Алдын ала мәлімет бойынша, ер адамдар арасындағы жанжал кешкі сағат жетілер шамасында басталған. Осыдан кейін кооператив төрағасы, 43 жастағы Иван Коровин оққа ұшқан.

Оқиға орнынан бірнеше метр жерден 55 жастағы әйелдің де денесі табылған. Ол сол сәтте саяжайдан үйіне қайтып бара жатқан. Полиция әйелдің атыс кезінде кездейсоқ куәгер болғанын жоққа шығармайды.

Тергеу болжамына сәйкес, күдікті төрағаны өлтіргеннен кейін қылмыстың куәсі болған әйелді де көзін жоюға шешім қабылдаған. Артынша оқиға орнынан қашып кетуге тырысқан. Алайда полиция оны бейнебақылау камералары арқылы анықтап, көп ұзамай қолға түсірген.

Қос кісі өлімінен кейін саяжай тұрғындары қанды оқиғаға не себеп болғанын талқылап жатыр. Марқұм Иван Коровин кооператив төрағалығына саяжай маусымы басталған кезде келген.

Оны жақсы білетін кей тұрғындар Коровиннің шаруашылық мәселелерін белсенді шешкенін айтады. Олардың сөзінше, ол су құбырларын жөндетіп, аумақты абаттандыруға көңіл бөлген.

Алайда кооперативтің өзге мүшелері жаңа төраға келгеннен кейін су мен басқа да коммуникацияларға қатысты мәселелер көбейгенін алға тартады.

Тұрғындардың бірі күдіктіні көп жылдан бері танитынын айтып, оның адам өлтіруі мүмкін екеніне сенбейтінін жеткізген.

Коровин мен күдікті арасындағы текетірес те жаңадан басталмаған. Мәлімет бойынша, «Оптимист» кооперативінің бұрынғы және қазіргі төрағаларының арасындағы жанжал шамамен үш жыл бұрын басталған. Екі ер адам бірнеше рет сөзге келіп, тіпті өзара дауды сотқа дейін жеткізген.

Олардың арасындағы басты мәселелердің бірі кооператив төрағасы қызметіне байланысты болған.

Бұған дейін полиция бұл факті бойынша «Адам өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған. Жедел-іздестіру және тергеу шаралары барысында 56 жастағы ер адам күдікті ретінде ұсталды. Ол қылмысын мойындаған.

Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторында отыр. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.

Материал авторы