Ғалымдар қартаюды баяулатудың жаңа жолын тапты: препаратты жасанды интеллект жасаған
Жасанды интеллект жасаған препарат адамның қартаюын баяулатуы мүмкін екенін көрсетті.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, жасанды интеллект көмегімен әзірленген препарат адамның биологиялық қартаюын баяулатуы мүмкін екенін көрсетті. Клиникалық сынақ кезінде дәрі қабылдаған қатысушылардың биологиялық жасын бағалайтын негізгі көрсеткіштері төмендеген. Зерттеу нәтижелері Nature Biotechnology ғылыми журналында жарияланған.
Rentosertib деп аталатын препаратты Insilico Medicine биотехнологиялық компаниясы жасанды интеллект көмегімен әзірлеген. Бастапқыда созылмалы өкпе аурулары бар науқастарды емдеуге бағытталған дәрі шағын зерттеу барысында қартаюға қатысты көрсеткіштерге де әсер еткені байқалған.
12 аптаға созылған зерттеуге 42 адам қатысты. Ғалымдар олардың ағзасындағы қартаю деңгейін «қартаю сағаттары» деп аталатын алты түрлі әдіс арқылы бағалаған. Бұл жүйелер ағзадағы ақуыздардың деңгейін, ДНҚ-ның жағдайын және өзге де биомаркерлерді саралайды.
Нәтижесінде препарат қабылдаған адамдардың биологиялық жасы төмендеген. Ал плацебо қабылдаған бақылау тобында бұл көрсеткіш өзгеріссіз қалған немесе жоғарылаған.
Зерттеу нәтижелері үміт күттіргенімен, мамандар қорытынды жасауға әлі ерте екенін ескертеді. Себебі биологиялық жасты анықтауға арналған «қартаю сағаттарының» қаншалықты дәл екені медицинада әлі де талқыланып келеді. Олардың көрсеткіштері адамның нақты қартаю процесін әмбебап түрде өлшейтін сенімді әдіс ретінде толық мойындалған жоқ.
Бұған қоса, препараттың қауіпсіздігі мен тиімділігін түпкілікті бағалау үшін ауқымды әрі бірнеше кезеңнен тұратын клиникалық сынақтар қажет. Сондықтан қазіргі нәтиже адамның қартаюын тоқтататын немесе кері қайтаратын дәрі жасалды дегенді білдірмейді.
Материал авторы