Енді қазақтар Қытайда өз жүргізуші куәлігімен көлік жүргізе алады
Қазақстан мен Қытай жүргізуші куәліктерін өзара мойындауға келісті.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстан азаматтарына Қытайда көлік жүргізу жеңілдейді. Екі ел ұлттық жүргізуші куәліктерін өзара тану және айырбастау туралы уағдаластыққа келді.
Қазақстан Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жаңа келісім екі ел азаматтарының көрші мемлекетте көлік жүргізуіне қатысты рәсімдерді жеңілдетуге мүмкіндік береді.
«Екіжақты келіссөздердің маңызды нәтижесі – Қазақстан мен Қытай азаматтарының ұлттық жүргізуші куәліктерін өзара тану және айырбастау жөніндегі уағдаластық. Бұл екі ел азаматтары үшін тиісті рәсімдерді жеңілдетіп, өзара сапарларға қолайлы жағдай жасайды», – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Келісім 7 қыркүйекте Бейжіңде өткен Қазақстан Ішкі істер министрі Ержан Саденов пен Қытайдың қоғамдық қауіпсіздік министрі Ван Сяохунның кездесуінде белгілі болды.
Жүргізуші куәліктерін өзара мойындау Қазақстан мен Қытай арасындағы екіжақты ынтымақтастық жөніндегі келіссөздердің практикалық нәтижелерінің бірі болды.
Келісімнің нақты қашан күшіне енетіні және куәліктерді айырбастау тәртібі туралы қосымша мәлімет әзірге жарияланған жоқ.
Материал авторы