730

Екібастұзда ерекше баланы ұрған студентке сот үкімі шықты

Оңалту орталығында қызды ұрған жаттықтырушы кінәлі деп танылды.

Екібастұзда ерекше баланы ұрған студентке сот үкімі шықты
Astana TV

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Екібастұзда оңалту орталығында ерекше баланы ұрды деп айыпталған 20 жастағы студент кінәлі деп танылды. Алайда ол жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты жарияланған амнистияға сәйкес негізгі жазадан босатылды. Бұл туралы Astana TV жазды.

Оқиға оңалту орталығында болған. Сол жерде жаттықтырушы болып жұмыс істеген студенттің қыз баланы қолынан тартып, басынан ұрған сәті бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Кейін дәрігерлер баладан ауыр жарақат анықтаған.

Сотта айыпталушы өз кінәсін мойындамады. Ол балаға әдейі зиян келтірмегенін айтып, басынан ұруды еріксіз жасалған қимыл деп түсіндірді. Оның айтуынша, қыз оны тістеп алғаннан кейін қолы рефлексті түрде қозғалған.

Мемлекеттік айыптаушы студентті бір жылға бас бостандығын шектеуді және екі жыл бойы педагогикалық әрі тәрбиелік қызметпен айналысуына тыйым салуды сұраған. Ал жәбірленуші тарап 10 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы талап етті.

Павлодар облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты айыпталушыны ҚР Қылмыстық кодексінің 140-бабы 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, бір жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Сонымен бірге оның кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты педагогикалық қызмет атқаруына үш жылға тыйым салынды.

Алайда 2026 жылғы 1 шілдеде қабылданған жаңа Конституцияға байланысты жарияланған рақымшылық туралы заң негізінде сот оны негізгі жазадан босатты.

Сот сонымен қатар жәбірленуші тарапқа моральдық зиян үшін 500 мың теңге төлеуді міндеттеді. Бұдан бөлек, сотталушы қыздың отбасы жұмсаған адвокат шығындарын өтеуі тиіс.

Баланың ата-анасы сот шешімімен келіспейді. Анасының айтуынша, оқиғадан кейін қыздың дамуында кері өзгеріс байқалған. Отбасы бірнеше жыл бойы баланың жағдайын жақсартуға күш салып, ем-дом мен оңалтуға қомақты қаржы жұмсаған.

Қыздың анасы Самал Нұрашева 500 мың теңге көлеміндегі моральдық өтемақы баласының басынан өткерген жағдайын өтеуге жеткіліксіз деп санайды. Оның сөзінше, оқиғадан кейін бала бейтаныс ер адамдардан қорқып, мазасызданатын болған, сондай-ақ ұйқы мәселесі пайда болған.

Іс бойынша тергеу сегіз айға созылған. Отбасының адвокаттарға жұмсаған шығыны 1,3 миллион теңгеден асқан.

Жәбірленуші тараптың сот үкіміне апелляциялық шағым түсіретіні әзірге белгісіз. 

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор