852

Экология министрлігі Атыраудағы ауаның сапасына қатысты тексеріс бастады

Атырау ауасында күкіртсутек пен көміртек тотығы мөлшері нормадан асқан.

Экология министрлігі Атыраудағы ауаның сапасына қатысты тексеріс бастады
pixabay.com

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырауда тұрғындардың ауаның сапасына қатысты шағымынан кейін жоспардан тыс тексеру басталды. Бұған қала тұрғындарының ауадағы өткір химиялық иіске және денсаулықтарының нашарлағанына байланысты жаппай шағымдануы себеп болған.

Бұған дейін атыраулықтар әлеуметтік желілерде қаладағы жағымсыз иіске байланысты дабыл қаққан. Тұрғындар ауадағы химиялық иістен кейін өздерін жайсыз сезінетінін айтқан. Жүргізілген өлшеулер барысында бірқатар ластаушы заттардың, соның ішінде күкіртсутек пен көміртек тотығының рұқсат етілген шекті концентрациядан асқаны анықталған.

Осыдан кейін жергілікті билік кәсіпорындарға қатысты тексеру жүргізуге қажетті материалдар әзірлеуді тапсырған.

Қазақстанның Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, Атырау облысы бойынша экология департаменті қаладағы атмосфералық ауаның сапасына байланысты жоспардан тыс тексеру жұмыстарын бастаған.

Ведомство тексеру аяқталғаннан кейін заңнама талаптарына сәйкес тиісті шаралар қабылданатынын мәлімдеді.

«Тексеру іс-шаралары аяқталғаннан кейін қолданыстағы заңнамаға сәйкес инспекторлық ден қою шаралары қабылданады. Жағдай министрліктің бақылауында. Жүргізілген жұмыстың нәтижесі туралы қосымша хабарланады», – деп мәлімдеді министрлік.

Қазір тексерудің нақты қорытындысы мен ауа сапасының нашарлауына қандай нысандардың ықпал еткені туралы ақпарат жарияланған жоқ.

Материал авторы