246

Оралда танысын пышақтаған ер адам «өзімді қорғадым» деп ақталмақ болды

Сот дерегінше, мас күйіндегі ер адам танысына кемінде 10 рет пышақ жарақатын салған.

Оралда танысын пышақтаған ер адам «өзімді қорғадым» деп ақталмақ болды
Akishin Vyacheslav / moscow-live.ru

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Оралда танысына пышақ жарақатын салған ер адам «өзімді қорғадым» деген уәж келтірген. Алайда кассациялық сот оның бұл сөзін негізсіз деп танып, бұрынғы сот үкімдерін күшінде қалдырды.

Іс материалдарына сәйкес, Орал тұрғыны өз пәтерінде танысына пышақпен шабуыл жасап, оның басы, кеуде тұсы, іші, арқасы және санына жарақат салған. Жәбірленушінің денсаулығына өміріне қауіп төндіретін ауыр зиян келген.

Бірінші сатыдағы сот ер адамды ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабы 1-бөлігімен, яғни денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін кінәлі деп танып, бес жылға бас бостандығынан айырған. Апелляциялық сот бұл шешімді өзгеріссіз қалдырды.

Сотталған азамат кассациялық шағымында үкімді жоюды және әрекетінің құқықтық саралануын өзгертуді сұраған. Оның айтуынша, жанжалды бастап, пышақпен бірінші болып шабуыл жасаған жәбірленуші болған. Ол қарсы тараптың қолындағы пышақты тартып алып, өзін қорғау үшін жауап соққыларын жасағанын мәлімдеді.

Алайда кассациялық сот бұл нұсқаны растайтын дәлел болмағанын атап өтті.

Сот анықтағандай, ер адам алкогольдік ішімдік ішкен күйде жәбірленушіге кемінде 10 рет пышақ жарақатын салған. Нәтижесінде жәбірленуші бірнеше жарақат алып, өміріне қауіп төндіретін қан кету жағдайына түскен.

Сонымен бірге сот материалдарында жәбірленушінің қарсылық көрсетпегені, оның тарапынан шабуыл немесе қорғануды қажет ететін өзге де қауіпті әрекет болмағаны көрсетілген. Оқиғаның мән-жайы мен жарақаттардың сипаты шабуылдың танысы тарапынан жасалғанын дәлелдеген.

Жәбірленушінің берген түсініктемелері сот-медициналық сараптамалардың қорытындыларымен, куәгерлердің жауаптарымен және оқиға орнын тексеру нәтижелерімен сәйкес келген. Оқиға орнынан пышақ пен қан іздері табылған.

Кассациялық сот ер адамның әрекетін ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабы 1-бөлігі бойынша саралауды заңды деп таныды. Сот тағайындаған бес жылдық жаза да істің мән-жайына сай деп бағаланып, төменгі соттардың шешімдері өзгеріссіз қалдырылды. 

Материал авторы