Тараздағы жұмбақ өлім: ер адамды өз көлігімен ауруханаға жеткізген
Таразда 29 жастағы медицина қызметкері қаза тапты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Таразда жергілікті ауруханада жұмыс істеген 29 жастағы ер адамның өліміне қатысты оның туыстары істің барлық мән-жайы толық әрі әділ зерттелуін талап етіп отыр. Отбасының айтуынша, азамат ауыр соққыдан кейін өз көлігінің жүксалғышына салынып, кейін сол көлігімен өзі жұмыс істейтін ауруханаға жеткізілген. Бұл туралы «Криминальный Казахстан» Telegram-арнасы жазды.
Марқұмның әпкесінің айтуынша, қайғылы жағдайдың алдында оның ағасына пациенттердің бірінің бұрынғы күйеуі бірнеше рет хабарласып, тіл тигізіп, кездесуді талап еткен. Кейін ер адам онымен сөйлесуге келіскен.
Туыстарының нұсқасы бойынша, кездесуге келген азамат жалғыз болмаған. Ол өзімен бірге тағы екі адамды ертіп келген.
Отбасының айтуынша, сол жерде марқұмның басынан металл затпен ұрып, оны көліктің жүксалғышына салып, қала сыртындағы Аса өзеніне қарай алып кеткен. Туыстарының сөзінше, сол жерде ер адамды ұрып-соғу жалғасқан.
Кейін зардап шеккен азамат өзі жұмыс істейтін аурухананың қабылдау бөліміне өз көлігімен жеткізілген. Оны әкелген адамдар медицина қызметкерлеріне ер адамды көшеден «тауып алғанын» айтқан.
Алайда азамат есін жимастан көз жұмған. Дәрігерлер оның алған жарақаттары салдарынан қайтыс болғанын анықтаған.
Марқұмның жақындары тергеу барысына қатысты да алаңдаушылық білдірді. Әпкесінің айтуынша, полиция бастапқыда үш күдіктіні ұстағанымен, кейін олардың екеуі босатылған.
Сондай-ақ отбасы іс бойынша маңызды куәгерге қысым жасалуы мүмкін деген күдігін жеткізді. Туыстары барлық ықтимал қатысы бар адамдардың әрекетіне құқықтық баға беріліп, істің жан-жақты тергелуін талап етіп отыр.
Марқұмның артында екі кішкентай қызы қалды. Оның 30 жасқа толуына санаулы күн ғана қалған еді.
Материал авторы