Қазақстандық компания Иранмен байланысы үшін АҚШ санкциясына ілікті
АҚШ Иран авиациясына қолдау көрсеткен компанияларға санкция салды, тізімде қазақстандық фирма да бар.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда тіркелген Tour Invest компаниясы Иранның авиация саласындағы компаниясымен байланысына байланысты АҚШ санкциялық тізіміне енгізілді.
АҚШ Қаржы министрлігінің хабарлауынша, Шетелдік активтерді бақылау басқармасы (OFAC) Иранның авиация секторына қолдау көрсеткен 36 ұйымға қатысты санкция енгізген. Тізімге Иранның Mahan Air әуе компаниясымен жұмыс істеген бірқатар ұйым да кірді.
Санкцияға іліккен компаниялардың қатарында алматылық Tour Invest (Тур Инвест) те бар. АҚШ ведомствосының мәліметінше, бұл компания Mahan Air-дің бас сату агенті қызметін атқарған.
АҚШ Қаржы министрлігі Иран режиміне қаржылық қолдау көрсететін құрылымдарға қатысты шаралардың күшейтілетінін мәлімдеді. Ведомство Иранның санкцияға түскен өзге де әуе компанияларымен бизнес жүргізетін ұйымдарға жаһандық қаржы жүйесінен ажырау қаупі барын ескертті.
Сонымен қатар OFAC Tour Invest-тің құқықтық мәртебесіне қатысты маңызды түсініктеме берген. Компания «secondary sanctions risk», яғни екінші деңгейлі санкциялар тәуекелі бар ұйым ретінде көрсетілген. Бұл оған қатысты тікелей санкциялық тыйым әзірге енгізілмегенімен, компанияның санкциялық тәуекелі жоғары екенін білдіреді.
Ашық деректерге сәйкес, «Tour Invest (Тур Инвест)» ЖШС Алматыда тіркелген. Компанияның басшысы ретінде Зиае Бабак Али көрсетілген.
«Ақ Жайық» басылымының мәліметінше, компания 2014 жылы туроператор ретінде тіркелген. Кәсіпорын шағын бизнес санатына жатады, онда бес адамнан аз қызметкер жұмыс істейді.
Материал авторы