841

«Өлемін деп ойладым»: Астанада әйел лифт құлағанын айтып шағымданды

Әйелдің айтуынша, лифт тоқтаған сәтте жарық сөніп, батырмалар мен бейнекамера жұмыс істемей қалған.

«Өлемін деп ойладым»: Астанада әйел лифт құлағанын айтып шағымданды
Depositphotos

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанадағы «Поколение Бизнес» тұрғын үй кешенінің тұрғыны лифтке қатысты шағым айтып, кабина қозғалыс кезінде кенеттен үш қабат төмен түскенін мәлімдеді. Әйелдің сөзінше, сол сәтте электр қуаты өшіп, лифт ішіндегі жарық, батырмалар және бейнекамера істен шыққан.

Астаналық тұрғын оқиға туралы Threads желісінде жазған. Оның айтуынша, лифтте өзі жалғыз болған. Кабина қозғалып келе жатқанда электр қуаты кенет өшіп, артынан лифт үш қабат төмен түскен.

«Поколение Бизнес» тұрғынының сөзінше, жарық сөніп, басқару батырмалары жауап бермей қалған. Тіпті кабина ішіндегі камера да жұмысын тоқтатқан.

Әйел болған жағдайдан қатты қорыққанын айтып, лифт қауіпсіздігіне алаңдаушылық білдірді. Оның пікірінше, мұндай жағдайда жолаушылардың қауіпсіздігі мен жедел көмек шақыру мүмкіндігіне ерекше мән берілуі керек.

Тұрғын сонымен қатар тұрғын үй кешеніндегі лифт мәселесі бұған дейін де болғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, соңғы екі жылда адамдардың лифт ішінде тұрып қалуы және техниканың жиі істен шығуы туралы жағдайлар қайталанып келген.

«Поколение Бизнес» кешенінің өзге тұрғыны да пікір білдіріп, лифттерде ақау жиі болатынын жазған.

Жазбаға басқа тұрғын үй кешендерінің тұрғындары да пікір қалдырды. Мәселен, Nova City Южный кешенінің бұрынғы тұрғыны лифттердің жұмысына қатысты мәселелер болғанын айтса, Capital Flowers және GreenLine «Асыл Мұра» тұрғын үй кешендерінің тұрғындары да ұқсас шағымдарын бөліскен.

Алайда бұл пікірлер аталған тұрғын үй кешендеріндегі барлық лифтке қатысты ресми түрде расталған дерек емес, тұрғындардың әлеуметтік желідегі жеке мәлімдемелері екенін атап өткен жөн.

Қазіргі уақытта Астанадағы лифттің не себепті үш қабат төмен түскені туралы ресми ақпарат жоқ. Редакция осы мәселеге қатысты BI Group компаниясына түсініктеме алу үшін сауал жолдаған. 

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор