430

Тоқаев Елена Рыбакинаны әлемнің бірінші ракеткасы атануымен құттықтады

Мемлекет басшысы қазақстандық теннисшінің тарихи жетістігін талант, қажырлы еңбек және өзіне деген мызғымас сенімнің нәтижесі деп бағалады.

Тоқаев Елена Рыбакинаны әлемнің бірінші ракеткасы атануымен құттықтады
Ақорда

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Елена Рыбакинаны WTA әлемдік рейтингінің бірінші орнына көтерілуімен құттықтады. Мемлекет басшысының құттықтауын Президенттің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Айбек Смадияров жариялады.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық теннисшінің әлемдік рейтингте көш бастауы оның зор таланты, табанды еңбегі және өз күшіне деген сенімінің нәтижесі екенін атап өтті.

Президент бұл жетістіктің Қазақстан спорты үшін тарихи маңызға ие екенін айтып, Рыбакинаның есімі әлемдік теннис тарихына енгенін жеткізді. Оның спорттағы жолы елдегі жас спортшыларға үлгі болатынын да атап өтті.

Мемлекет басшысы теннисшінің кәсіби шеберлігімен бірге, кортта да, қоғамдық ортада да өзін жоғары мәдениетпен ұстайтынына назар аударды. Оның пікірінше, бұл Елена Рыбакинаның интеллектісі мен тәрбиесін көрсетеді.

«WTA рейтингінің бірінші сатысына көтерілуіңіз – феноменалды талантыңыздың, орасан зор еңбегіңіздің және өзіңізге деген берік сеніміңіздің арқасында бағындырылған спорттық шың. Бұл тарихи жетістік арқылы сіз Қазақстан спортын әлемге танытып, есіміңізді дүниежүзілік теннис шежіресіне жаздыңыз. Сіздің жолыңыз еліміздегі мыңдаған жас спортшыға және әлемнің түкпір-түкпіріндегі миллиондаған теннис жанкүйеріне шабыт беретін үлгі», – делінген Президент құттықтауында.

Қасым-Жомарт Тоқаев Елена Рыбакинаға чемпиондық жігерін сақтап, алдағы жаңа белестерді сенімді бағындыруды тіледі.

Рыбакина US Open-2026 турнирінің жартылай финалына шыққаннан кейін WTA-ның жаңартылып жатқан рейтингінде бірінші орынға көтерілді. Осылайша ол бұған дейін көш бастаған Беларусь өкілі Арина Соболенконы басып озды. Рейтингтің ресми жаңартылуы 14 қыркүйекте жарияланады.

Елена Рыбакина – Қазақстанның жекелей сында әйелдер мен ерлер арасында әлемдік рейтингтің шыңына көтерілген алғашқы өкілі.

Теннисшінің қоржынында WTA турнирлеріндегі 13 титул бар. Олардың қатарында 2022 жылғы Уимблдон, 2026 жылғы Australian Open және 2025 жылғы WTA қорытынды турниріндегі жеңістері бар. 

Материал авторы