Жұмысшыларға шалшық су шашқан Lexus жүргізушісі қамауға алынды
32 жастағы елорда тұрғыны жол жиегінде жұмыс істеп жүрген қызметкерлерге шалшық су шашып кетіп қалған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада жол жиегін тазалап жүрген жұмысшыларға көлікпен шалшық су шашқан Lexus жүргізушісі 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды. Сот мұндай шешімді ұсақ бұзақылық дерегі бойынша қабылдады.
Елорда полиция департаментінің мәліметінше, жұмысшылар жол жиегіндегі жиынтық жаңбыр суын тазалап жатқан. Сол сәтте Lexus көлігінің жүргізушісі жылдамдығын төмендетпей, бағдаршамның жыпылықтаған белгісіне қарамастан шалшықтың үстінен жүріп өткен.
Салдарынан көлік көтерген су толқыны жол жұмысшыларын бастан-аяқ сулап кеткен.
Полицияның хабарлауынша, рөлде 32 жастағы елорда тұрғыны болған. Ол ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, уақытша ұстау бөлмесіне қамалған. Кейін сот оны 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алу туралы шешім шығарды.
Материал авторы