Астанада оқушы қыз пышақпен балаларға шабуылдады
Полиция зардап шеккен екі баланың жағдайы туралы мәлімдеді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанадағы мектептердің бірінде кәмелетке толмаған қыз оқушыларға пышақпен шабуыл жасаған. Оқиға салдарынан екі бала зардап шегіп, медициналық көмекке жүгінген. Бұл туралы Halyqstan Telegram-арнасы хабарлады.
Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға №102 мектепте болған. Әлеуметтік желіде шабуыл жасаған қыздың 11-сыныпта оқитыны айтылғанымен, бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталмаған.
Елорда полиция департаментінің мәліметінше, зардап шеккен балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ. Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Полицияның хабарлауынша, оқиғаға қатысы бар кәмелетке толмаған қыз профилактикалық есепке қойылып, Психикалық денсаулық орталығының мамандарына тапсырылған. Сондай-ақ оның заңды өкілдері баланы тәрбиелеу міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылған.
Бұдан бөлек, тергеу аясында мектеп қауіпсіздігіне жауапты күзет ұйымының әрекетіне де құқықтық баға беріледі.
Қазір құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Тергеу жалғасуда.
Материал авторы