551

Жамбыл облысында 24 миллион теңгенің жылқысын ұрлаған күдікті ұсталды

Күдікті ұрланған жылқылардың жетеуін сойып, етін сатып жіберген.

Жамбыл облысында 24 миллион теңгенің жылқысын ұрлаған күдікті ұсталды
Жамбыл облыстық ПД

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Жамбыл облысында 16 жылқыны айдап әкетіп, оның жетеуін сойып, етін сатып жіберген деген күдікпен 44 жастағы ер адам ұсталды. Келтірілген шығын көлемі 24 миллион теңгеге бағаланып отыр.

Тергеу мәліметінше, күдікті Тұрар Рысқұлов ауданындағы құмды алқапта қараусыз жүрген жылқы табынын байқап қалған. Содан кейін өз атына мініп, жайылымдағы 16 жылқыны айдап әкеткен.

Полицияның хабарлауынша, ұрланған малдың жетеуін сойып, етін сатып жіберген. Қалған жылқылардың тағдыры туралы ақпарат жарияланған жоқ.

Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір аса ірі мөлшерде мал ұрлау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Еске салайық, бұған дейін Ақмола облысында 77 жылқыны ұрлады деген күдікпен әкесі мен баласы анықталған еді. Тергеу нұсқасына сәйкес, олар Ерейментау ауданындағы еркін жайылымнан айдап әкелген малды Степногорск маңындағы қораларда ұстап, біртіндеп сатқан. Полиция жылқылардың 40-тан астамын иесіне қайтарған.

Материал авторы