521

ҚазҰУ-да студенттің қазасынан кейін проректор мен декан қызметінен кетті

ҚазҰУ барлық жатақханада кешкі бақылауды күшейтіп, студенттерге психологиялық көмек көрсету шараларын енгізген.

ҚазҰУ-да студенттің қазасынан кейін проректор мен декан қызметінен кетті
Дмитрий Кривицкий / kz.kursiv.media

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде студенттің қайтыс болуына байланысты бірқатар кадрлық шешім қабылданды. Әлеуметтік тұрақты даму жөніндегі проректор мен География және табиғатты пайдалану факультетінің деканы атқарып отырған қызметтерінен босатылды. Бұл туралы университеттің баспасөз қызметі хабарлады.

Оқу орнының мәлімдеуінше, басшылық қайғылы оқиғадан кейін кадрлық және ұйымдастырушылық шараларды дереу қолға алған. Аталған екі лауазымды тұлға жатақханадағы қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз ету міндеттерін тиісті деңгейде орындамағаны үшін қызметінен кеткен.

Сонымен қатар оқиға болған күні кезекшілікте тұрған қызметкерлер жұмыстан шеттетілді. Қазір олардың әрекеттеріне құқықтық баға беріліп жатыр.

Университет әкімшілігі студенттер тұратын барлық жатақханада қауіпсіздік талаптарын күшейткенін мәлімдеді. Атап айтқанда, кешкі бақылау қатаңдатылып, білім алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған қосымша шаралар енгізілген. Сондай-ақ студенттерге кәсіби психологиялық көмек көрсету жұмыстары қолға алынған.

ҚазҰУ басшылығы марқұм студенттің отбасымен тұрақты байланыста екенін және қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Университет өкілдері тергеу органдарына толықтай жәрдемдесіп жатқанын, істің жан-жақты әрі ашық зерттелуіне мүдделі екенін атап өтті. Алайда Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу құпиясына жататын мәліметтерді жариялай алмайтынын мәлімдеді.

Материал авторы