Атырауда 90 жастағы қария өзін ұрып-соққан ұлы туралы айтып берді
Қол-аяғымды байлап, басымнан ұратын деді қария сотта берген куәлігінде.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырау облысында 90 жастағы қарияны ұрып-соқты деп айыпталған ұлына қатысты сот процесі басталды. Сағыз ауылынан келген Әділхан Сисенов сот отырысында кіші ұлының өзіне қатыгездік көрсеткенін айтып, оның әлі күнге дейін қамауға алынбағанына наразылық білдірді. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.
Қарияның айтуынша, ұлы оны үйге қамап, қол-аяғын байлап, басынан бірнеше рет ұрған. Ол денсаулығының нашарлауына осы жағдайлар себеп болғанын алға тартып, жақында инсульт алғанын мәлімдеді.
«Төрт айдан бері оны неге қамауға алмайды? Ол мені қамап, қол-аяғымды байлап, басымнан үнемі ұратын. Оның салдары тиді: жақында инсульт алдым. Бұл басымнан қайта-қайта соққы алғандықтан болды», – деді Әділхан Сисенов сотта.
Іс бойынша 47 жастағы кіші ұлы айыпталушы ретінде жауап беріп жатыр. Алайда ол өз кінәсін мойындамайды.
Сот отырысына қарияның әпкесі Кенжетай Сисенова да қатысып, бауырына қолдау білдірді. Бұған дейін Әділхан Сисенов ұлының әрекетінен қашып, әпкесінің үйіне барғаны хабарланған.
«Бауырымызды қолдауға келдік. Ол ауырып қалды, бірақ есін жиды. Қазір жағдайы жақсарып келеді, есте сақтау қабілеті біртіндеп қалпына түсіп жатыр. Бұған дейін де микроинсульт алған еді. Ұлының әрекеттерінен бүкіл туыс бір-бірімен араздасып кетті. Енді жасаған ісіне жауап берсін», – деді ол.
Еске салайық, биыл маусым айында Атырау облысының 90 жастағы тұрғыны туған ұлы өзін тамақтандырмай, байлап ұстайтынын айтып, көмек сұраған болатын. Сол кезде облыстық полиция департаменті дене жарақатын келтіру дерегі бойынша «Ұрып-соғу» бабы аясында қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған.
Материал авторы