677

Трамп даудан кейін Nvidia акцияларын 1 миллион долларға дейін сатып жіберген

Барлау мәліметтері туралы ақпараттан кейін Трамптың шоттары Nvidia акцияларын сатты

Трамп даудан кейін Nvidia акцияларын 1 миллион долларға дейін сатып жіберген
REUTERS/Jonathan Ernst

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, АҚШ президенті Дональд Трамптың инвестициялық шоттары Nvidia компаниясының 500 мыңнан 1 миллион долларға дейінгі акциясын сатқан. Бұл мәміле Мемлекеттік хатшы Марко Рубио президентке компания басшысы Дженсен Хуангтың Қытайға тыңшылық жасады деген күдікке ілінген әйелмен байланысы туралы барлау мәліметтерін жеткізгені жөніндегі ақпараттан бес күн өткен соң жасалған. Алайда Трамп мұндай баяндама алғанын жоққа шығарды.

CNBC мәліметінше, акцияларды сату операциясы 2026 жылғы 18 мамырда, Трамптың Қытайға сапарынан оралғаннан кейін көп ұзамай жүзеге асқан. Президент бұл сапарға Nvidia басшысы Дженсен Хуангпен бірге барған.

Басылымның жазуынша, Рубио 13 мамырда Трампқа Хуангтың Қытай мүддесіне тыңшылық жасады деген күдікке ілінген әйелмен байланысына қатысты барлау деректерін баяндаған. Бұл кезде Nvidia басшысы мінген ұшақ Аляскада жанармай құю үшін аялдаған.

АҚШ президенті журналистердің сұрағына жауап бере отырып, мұндай ақпараттан хабарсыз екенін мәлімдеді. Сондай-ақ Элис Хуанг есімді әйелдің Қытай тыңшысы болған-болмағанын білмейтінін айтты.

CNBC қаржылық декларацияларға жүргізген талдауында Трамп Ақ үйге оралғаннан бері оның инвестициялық шоттары Nvidia акцияларымен кемінде 103 мәміле жасағанын анықтаған. Олардың жалпы құны 27 миллионнан 97,5 миллион долларға дейін бағаланады. Ал 2026 жылдың алғашқы сегіз айында компанияның бағалы қағаздарына қатысты тағы 38 мәміле жасалып, олардың жиынтық құны 9,4–28,3 миллион доллар аралығында болған.

 

Сонымен бірге 18 мамырдағы сату операциясы жалғыз мәміле болмаған. Трамптың инвестициялық шоттары оған дейін де, одан кейін де Nvidia акцияларын сатып алған. Демек, жарияланған деректер компания бағалы қағаздарымен жүргізілген операциялардың тұтас тізбегін көрсетеді.

Ақ үй өкілдері президенттің инвестициялық портфелін оның қатысуынсыз тәуелсіз кеңесшілер басқаратынын мәлімдеді. Trump Organization өкілі Кимберли Бенза бұл жүйе мүдделер қақтығысы бар деген күдіктің өзін болдырмау үшін құрылғанын айтты.

Сонымен қатар қаржылық декларацияларда Трамптың мәмілелерге жеке өзі нұсқау бергенін немесе оның кеңесшілері құпия барлау ақпаратына қол жеткізгенін дәлелдейтін дерек жоқ.

Айта кетейік, Nvidia компаниясының негізін қалаушылардың бірі әрі бұрынғы бас директоры Дженсен Хуангқа қатысты ақпараттар соңғы уақытта АҚШ-та қызу талқыланып жатыр. Қытай сыртқы істер министрлігі әйелдің тыңшылыққа қатысы бар деген мәліметтерді жала деп атаған. Ал Трамп Хуангты жақтап, кәсіпкердің әйелдің ықтимал барлау байланыстары туралы білмегеніне сенетінін мәлімдеген.

Материал авторы