Астанада автобуста әйелге тиісті деген күдікті еркек іздестіріліп жатыр
Астаналық тұрғын оқиға кезінде ер адамның бірнеше фотосын түсіріп үлгергенін және полицияға арыз бергенін мәлімдеді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада қоғамдық көлікте белгісіз ер адамның өзіне тиісіп, мазасын алғанын айтқан әйел полицияға арызданды. Жолаушы қарсылық білдіріп, көмек шақырған кезде күдікті автобустан түсіп, оқиға орнынан кетіп қалған.
Елорда тұрғыны болған жағдайды Threads әлеуметтік желісінде жариялаған. Оның сөзінше, автобустағы ер адамға қарсылық көрсетіп, полиция шақыруға тырысқан. Алайда сол сәтте жанынан көмектесетін адам табылмаған.
Әйел күдіктінің бірнеше фотосын түсіріп үлгергенін және полицияға арыз жазғанын хабарлады. Ол ер адамның тезірек анықталып, әрекетіне заң аясында баға беріледі деп үміттенетінін жеткізді.
Астана қалалық полиция департаментінің мәліметінше, аталған дерек бойынша Нұра аудандық полиция басқармасы тексеру жүргізіп жатыр. Қазір ер адамның жеке басы мен оқиғаның мән-жайы анықталуда. Тексеру қорытындысы бойынша оның әрекетіне Қазақстан заңнамасына сәйкес құқықтық баға беріледі
Материал авторы