Атырау облысында 1 жасар қыз қызылшаның асқынуынан көз жұмды
Жылыой ауданынан санитарлық авиациямен жеткізілген сәбидің жағдайы аса ауыр болғанымен, дәрігерлер оны аман алып қала алмады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырау облысында қызылша жұқтырған бір жасар қыз бала қайтыс болды. Жылыой ауданынан санитарлық авиациямен облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізілген сәбидің жағдайы аса ауыр болған.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бала 14 қарашада аудандық ауруханада ем қабылдағаннан кейін облыс орталығына жеткізілген.
Қызылшаның асқынуы салдарынан сәбиде екі жақты пневмония, тыныс алу және жүрек жеткіліксіздігі дамыған. Дәрігерлер қарқынды терапияның барлық қажетті шарасын жүргізгенімен, баланың өмірін сақтап қалу мүмкін болмады.
Денсаулық сақтау басқармасының дерегіне сүйенсек, 2026 жылғы 1 қазан мен 17 қараша аралығында Атырау облысында қызылшаның зертханалық жолмен расталған 45 жағдайы тіркелген. Былтыр осы кезеңде инфекция жұқтырғандар саны 78 болған.
Қазір ауруханаларда қызылша диагнозы расталған немесе осы инфекцияға күдік келтірілген жеті науқас емделіп жатыр. Олардың төртеуінен вирус зертханалық жолмен анықталса, үшеуінің диагнозы әзірге расталмаған.
Мамандардың айтуынша, ауруханаға түскен науқастардың басым бөлігі қызылшаға қарсы екпе алмаған.
Биыл өңірде аурушаңдық көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда төмендегенімен, дәрігерлер тұрғындарды сақтық шараларын ұстануға шақырады. Мамандар қызылша мен оның асқынуынан қорғанудың ең тиімді жолы – вакцинация екенін еске салды.
Материал авторы