Мұғалім телефонға жауап беремін деп 4 миллион теңгесінен айырылды
Алаяқтар мұғалімге ЭЦҚ мерзімі аяқталғанын айтып сан соқтырған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Солтүстік Қазақстан облысында өзін электронды үкімет қызметкері ретінде таныстырған алаяқтардың арбауына түскен мұғалім 4 миллион теңгесінен айырылды. Қазір осы дерек бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.
Полицияның мәліметінше, алдымен әйелге қоңырау шалған белгісіз адам электронды цифрлық қолтаңбасының (ЭЦҚ) мерзімі аяқталып келе жатқанын айтып, оны ұзарту үшін SMS арқылы келген кодты атауды сұраған.
Осыдан кейін мұғалімге өзін eGov қызметкері ретінде таныстырған басқа адамдар хабарласып, оның атына алаяқтар несие рәсімдегенін айтқан. Қарыздарды «жою» үшін әйелге дәл сондай көлемде несие алып, ақшаны «қауіпсіз» шоттарға аудару қажеттігін түсіндірген.
Алаяқтардың сөзіне сенген мұғалім олардың айтқанын орындап, 4 миллион теңгені аударып жіберген. Тек содан кейін ғана алданғанын түсінген.
Құқық қорғау органдары жәбірленушінің ақшасын қабылдап, кейін қылмысты ұйымдастырушыларға жеткізген төрт дроппердің барлығын анықтаған. Олардың екеуі Қазақстанда, қалған екеуі Өзбекстанда тұрады.
Полицияның хабарлауынша, жәбірленуші келтірілген шығынды азаматтық-құқықтық тәртіппен өндіріп алуға құқылы. Ал алаяқтық дерегі бойынша тергеу жалғасып жатыр.
Материал авторы