553

Алматыда тоғыз жастағы баланы ойын алаңында тепкілеген: анасы полицияға шағымданды

Әйелдің айтуынша, екі бала тоғыз жастағы ұлына шабуыл жасап, біреуі оны ұстап тұрған кезде екіншісі басынан тепкен.

Алматыда тоғыз жастағы баланы ойын алаңында тепкілеген: анасы полицияға шағымданды
Paolo Rossa / pexels.com

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматының Алатау ауданында ойын алаңында тоғыз жастағы баланы екі бала соққыға жыққаны туралы ақпарат тарады. Баланың анасы оқиғадан кейін полиция қызметкерлері тарапынан қысым көргенін айтып, істің әділ тергелуін талап етті. 

Әйелдің айтуынша, оқиға 10 қарашада болған. Оның тоғыз жастағы ұлына екі бала тиісіп, біреуі оны ұстап тұрған кезде екіншісі басынан тепкен. Бала үйіне ернінен қан шығып келген. Анасы сыртқа шыққанда, ұлын әлі де ұрып жатқанын көргенін айтады.

Ол баласын қорғауға араласқан. Алайда әйелдің сөзінше, кейін екінші тараптың ата-анасы полицияға арыз түсіріп, оқиғаның тек анасы ұлын қорғап жатқан сәті түсірілген видеоны ұсынған. Баланың соққыға жығылған сәті бейнежазбаға түспеген.

Әйел 11 қарашада балаларымен бірге Алатау аудандық полиция басқармасында шамамен алты сағат болғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, сол жерде полиция қызметкерлері дөрекілік танытып, психологиялық қысым көрсетіп, қорқытқан. Сондай-ақ баласынан бөгде адамдардың көзінше бірнеше рет жауап алынғанын, ал өзіне оқиғаны толық баяндауға мүмкіндік берілмегенін жеткізді.

Алматылық тұрғын үйінде жалғыз қалған, өздігінен жүріп-тұра алмайтын І топ мүгедектігі бар анасына күтім жасау қажеттігін айтып, үйіне жіберуді сұрағанын да жазған. Алайда өтініші қанағаттандырылмағанын алға тартты.

Қазір әйел қарсы арыз беріп, жоғары тұрған органдарға жүгінуге ниетті. Ол баласына жасалған әрекетті де, полиция қызметкерлерінің оқиғадан кейінгі іс-қимылын да жан-жақты тексеруді талап етіп отыр.

Алматы қаласының полиция департаменті кәмелетке толмаған балаға дене жарақатын салу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Нәтижесіне қарай заңға сәйкес шаралар қабылданады.

Материал авторы