Өскемендегі әкесі қызын құттықтаған видео: полиция тексеру қорытындысын жариялады
Ішкі істер министрлігінің өкілі полиция оқиғаны жан-жақты тексергенімен, ер адамды жауапқа тартуға негіз таппағанын мәлімдеді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Өскеменде әкесінің жасөспірім қызын туған күнімен құттықтап, ернінен сүйгені түсірілген видеоға қатысты полиция тексеру жүргізді. Нәтижесінде ер адамның әрекетінен қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық құрамы анықталмаған.
Тексерудің қорытындысын Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің ювеналды полиция басқармасының бастығы Асхат Дүйсембеков Құрылтай кулуарында мәлімдеді.
Оның айтуынша, полиция қызметкерлері оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты зерттеген. Алайда ер адамды қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілікке тартуға негіз табылмаған.
«Оқиға тіркелді. Жан-жақты әрі мұқият тексеру жүргізілді. Қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық құрамы болмағандықтан, бұл деректі номенклатуралық іске тіркеу туралы шешім қабылданды», – деді Асхат Дүйсембеков.
Еске салайық, видео Threads әлеуметтік желісінде жарияланып, қызу талқыға түскен. Кадрларда қолына туған күн торты мен гүл ұстаған ер адамның мектеп оқушысы қызын үйде қарсы алып, құттықтау кезінде ернінен сүйгені көрінеді. Желі қолданушыларының бірқатары бұл әрекетке наразылық білдірген.
Кейін жазба авторы Өскемен полициясының өзімен байланысып, жарияланымды өшіруді сұрағанын айтқан. Шығыс Қазақстан облысының полиция департаменті оқиғаның тіркелгенін растаған. Тексеру жұмыстарына білім басқармасы мен жергілікті әкімдік мамандары да тартылған.
Материал авторы