376

«Qyran» тұрғын үй кешеніндегі алаяқтық: төрт адам 8-9 жылға сотталды

Сот 35 жәбірленушінің 2,2 млрд теңгеден асатын талабын қанағаттандырып, компания пайдасына 3,9 млрд теңге өндіріп алу туралы шешім шығарды.

«Qyran» тұрғын үй кешеніндегі алаяқтық: төрт адам 8-9 жылға сотталды
ҚМА

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанадағы «Qyran» тұрғын үй кешеніндегі жылжымайтын мүлікті сату кезінде жасалған алаяқтық ісі бойынша төрт адам сотталды. «International Invest Company IIC» ЖШС-нің қызметкерлері 8 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. 

Қаржылық мониторинг агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті жүргізген тергеу барысында сотталғандардың сатып алушылармен кәдімгі сатып алу-сату шарттарының орнына брондау келісімдері, кепілақы туралы келісімдер және алдын ала шарттар рәсімдегені анықталған.

Мұндай құжаттар мемлекеттік тіркеуге жатпайды әрі сатып алушыға жылжымайтын мүлікке меншік құқығын бермейді. Алайда сату кеңсесінде клиенттерге компанияның нысандарға құқығы бар екенін растайтындай құжаттар көрсетілген. Олардың қатарында жылжымайтын мүлік макеттері, техникалық паспорттар, сенімхаттар мен түрлі анықтамалар болған.

Азаматтарға пәтерлер, тұрғын емес үй-жайлар мен автотұрақ орындары нарықтағы бағадан төмен құнмен ұсынылған. Сатып алушыларға мәмілелердің заңды екені айтылып, соның негізінде ақша төлеуге көндірген.

Жәбірленушілер қаражатты қолма-қол берген немесе алаяқтық схемаға қатысушылардың жеке шоттарына аударған. Бұл төлемдер «International Invest Company IIC» ЖШС-нің бухгалтерлік және банктік құжаттарында көрсетілмеген.

Бұдан бөлек, сотталғандар құрылыс компаниясының өз қаражатын иемденуге бағытталған екінші схеманы іске асырған. Олар «International Invest Company IIC» атынан клиенттермен жалған сатып алу-сату шарттарын жасап, жылжымайтын мүлікке меншік құқығын тіркеген. Бірақ нысандарды сатудан түскен қаражат компанияның кассасына түспеген.

Сот 35 жәбірленушінің жалпы сомасы 2,2 млрд теңгеден асатын талаптарын қанағаттандырды. Сонымен қатар «International Invest Company» ЖШС пайдасына 3,9 млрд теңге өндіріп алу туралы шешім шығарылды.

Іс аясында жәбірленушілерге жалпы құны 1,3 млрд теңге болатын 78 жылжымайтын мүлік нысаны берілді. Тағы 73 нысан адал ниетті сатып алушыларға тиесілі болып қалды.

Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ. 

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор