Атырау орталығында екі жасөспірім мопедпен полициядан қашқан
Полиция әлеуметтік желілерді бақылау кезінде тәртіп бұзған жасөспірімдердің әрекетін анықтаған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырау қаласының орталығында мопедпен қауіпті жүріп, полицияның тоқтау туралы талабына бағынбаған екі жасөспірім әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Оқиға 6 қыркүйекте полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу кезінде анықталған. Бейнежазбада жасөспірімдердің Сәтбаев даңғылы бойында мопедпен қауіпті жүргені көрінеді.
Құқық қорғау органдары жүргізген тексеру нәтижесінде екі мопед жүргізушісінің де кәмелетке толмағаны анықталды. Сонымен қатар олардың көлік құралын басқаруға құқығы болмаған.
Осыған байланысты жасөспірімдердің заңды өкілдері полицияға шақырылды. Кәмелетке толмағандар көлік құралдарын пайдалану талаптарын бұзғаны және жүргізуші куәлігінсіз көлік басқарғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Бұдан бөлек, екі жасөспірім де профилактикалық есепке қойылды. Енді олардың тәртібі ішкі істер органдарының бақылауында болады.
Полиция ата-аналарға кәмелетке толмағандардың көлік басқаруына жол беру заңды өкілдердің өздеріне де жауапкершілік жүктеуі мүмкін екенін ескертті.
Материал авторы