Ресей аумағынан келген өрт Қостанай облысында 800 гектардан астам даланы шарпыды
Қостанай облысында ауқымды дала өрті тұтанып, жалын үйлерге жақындады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қостанай облысында бірнеше аумақта дала өрті тіркеліп, кей жерлерде жалын тұрғын үйлерге дейін жақындаған. Ал Қарабалық ауданындағы өрттің Ресей аумағынан келгені алдын ала айтылды. Бұл туралы 31 арна хабарлады.
Өңірде соңғы тәулікте өртке қатысты сегіз хабарлама түскен. Алдын ала мәлімет бойынша, Жітіқарадағы саяжай алқаптарында тұтанған өрт кейін Денисов ауданына жетіп, далаға таралған.
Құтқарушылар жалынның тұрғын үйлерге жетуіне жол бермеген. Әкімдіктердің мәліметінше, өртенген нысандардың басым бөлігінде себеп қысқа тұйықталу болған. Бұған Гришенка ауылы маңындағы жағдай кірмейді.
Қостанай облысы әкімдігінің жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Максим Устиновтың айтуынша, Гришенкада өрт құрғақ шөптен басталған. Кейін теміржол маңында жалын далаға ауысқан. Өрттің ауыл аумағына таралуына жол берілген жоқ. Тұрғын үйлер мен басқа да құрылыстар зардап шекпеген.
Алдын ала ақпарат бойынша, Қарабалық ауданында 800 гектардан астам аумақ өртенген. Мамандар бұл өрттің Ресей аумағынан келгенін хабарлады.
Соңғы бір аптада Қостанай облысында бес дала өрті, ауыл шаруашылығы алқаптарында екі өрт және 19 техногендік өрт тіркелген.
Қостанай облысы Төтенше жағдайлар департаменті өрт бақылау басқармасының басшысы Дәурен Саринов өңірдегі дала өрттерінің негізгі себептерінің бірі ауыл шаруашылығы алқаптарындағы өрт қою екенін айтты. Қазір егін жинау науқаны жүріп жатқандықтан, шаруашылықтар алқаптарда жұмыстар аяқталғаннан кейін құрғақ өсімдіктерді өртеуі мүмкін. Алайда өңірдегі өрт қаупінің жоғары болуына байланысты мұндай өрт қоюға қазір тыйым салынған.
Материал авторы