82

«Мұндай жағдай бұрын болмаған»: Рыбакина Қазақстандағы тарихи жетістігіне қатысты ойын айтты

Теннисші Қазақстанға барған сайын корттарда тенниспен айналысып жүрген балалардың көбейгенін байқайтынын айтты.

«Мұндай жағдай бұрын болмаған»: Рыбакина Қазақстандағы тарихи жетістігіне қатысты ойын айтты
instagram.com/wta

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, теннисші Елена Рыбакина US Open-2026 турнирінің жартылай финалына шыққаннан кейін әлемнің бірінші ракеткасы атанды. Спортшы жаңа мәртебесіне және Қазақстандағы жанкүйерлердің ықтимал реакциясына қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Sport.kz жазды.

Рыбакина үшін бұл нәтиже Қазақстан тарихындағы айрықша жетістікке айналды. Теннисші елдегі жанкүйерлердің тарихи нәтижені қалай қабылдайтынын қызығушылықпен күтіп отырғанын айтты.

«Қазақстанда не болатынын ойлап жүрмін және ол жақтағы адамдардың мұны қалай қабылдайтыны маған қызық. Мұндай жағдай бұрын-соңды болған емес. Бұл – тарих. Қазақстанның атынан өнер көрсететінімді мақтан тұтамын», – деді спортшы.

Оның айтуынша, Қазақстанға барған сайын тенниспен айналысатын балалардың көбейіп келе жатқанын байқайды. Әсіресе жас спортшылардың өзіне қарап, үлгі алатынын көру Рыбакина үшін ерекше әсер қалдырады.

«Қазақстанға қай қалаға барсам да, қазір теннис ойнап жүрген көптеген баланы көремін. Теннис корттарына келетін балалардың саны артып келеді. Жастардың өзіңе қарап бой түзеуі өте керемет», – деді ол.

Теннисші өз жетістігі кез келген мақсатқа сенім мен табанды еңбектің арқасында қол жеткізуге болатынын көрсететінін атап өтті.

Рыбакина қазіргі уақытта Қазақстаннан тыс жерде жүргендіктен, елдегі реакцияны толық көрмегенін айтты. Телефонына да қарамағанын жеткізген спортшы көптеген адамның өзін құттықтап жатқанын атап өтті. Қазақстанға барған кезде қолдау білдіргендердің барлығына алғыс айтқысы келетінін жеткізді.

«Қазақстанға қайтып барғанымда барлығына міндетті түрде алғыс айтқым келеді. Бұл – бүкіл ел үшін керемет жетістік», – деді Елена Рыбакина.

Бұған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Елена Рыбакинаны WTA рейтингінде бірінші орынға көтерілуімен құттықтаған болатын.

Материал авторы