Алматыда аялдамада зейнеткерге шабуыл жасаған ер адам бір жылға сотталды
Зейнеткерді соққыға жыққан ер адам 1,5 млн теңге өтемақы төлейтін болды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, лматыда аялдамада тұрған зейнеткерге шабуыл жасаған 26 жастағы ер адам бір жылға бас бостандығынан айырылды. Сот оны қатаң режимдегі колонияға жіберу туралы үкім шығарды.
Оқиға биыл сәуір айында болған. Ер адам аялдамада тұрған әйелге себепсіз шабуыл жасаған. Полиция күдіктінің жеке басын көп ұзамай анықтап, оны ұстады. Қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 293-бабы, яғни «Бұзақылық» бойынша қозғалған.
Сотта Илья Терёновтың әрекетіне қатысты жаза мәселесі қаралды. Судья Қуаныш Терлікбаев сотталушыға қатаң режимдегі колонияда бір жыл жазасын өтеу жеткілікті деген шешімге келген.
Бұдан бөлек, Терёнов жәбірленушіге 1,5 миллион теңге көлемінде өтемақы төлеуге міндеттелді. Оның құрамына емделуге кеткен шығындар, адвокат қызметіне жұмсалған қаражат және моральдық зиян үшін өтемақы кірді.
Бұл Терёновтың құқық қорғау органдарының назарына алғаш ілігуі емес. Ол бұған дейін кісі өлтіру және қажетті қорғаныс шегінен асып, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру баптары бойынша сотталған.
Аталған іс 2020 жылы болған. Сол кезде екі ер адам Терёновтың үйіне келіп, оның анасы жұмыс істеген мейрамханадан ірі көлемде ақша ұрлады деп күдіктенген. Олар үйге күшпен кірмек болған кезде 20 жастағы Илья қолына пышақ алған. Оқиға барысында ер адамдардың бірі қаза тауып, екіншісі жараланған.
Сот Терёновтың отбасы мүшелерін қорғағанын ескергенімен, оның қажетті қорғаныс шегінен асып кеткенін анықтаған. Соның нәтижесінде ол екі жылға бас бостандығынан айырылған. Сот барысында оның психикалық жағдайына қатысты мәселе де көтерілгенімен, сараптама нәтижесінде ақыл-есі дұрыс деп танылған.
Жазасын өтеп шыққаннан кейін Терёнов біраз уақыт еркіндікте жүрген. Алайда 2026 жылғы сәуірде аялдамада тұрған әйелге шабуыл жасап, қайтадан полиция қолына түскен.
Сотталушы кінәсін мойындап, әрекетінің бұзақылық ниетпен жасалғанын және жәбірленушінің денсаулығына қасақана жеңіл зиян келтіргенін растаған.
Материал авторы