Балқашта ер адамды өлтіріп, тағы біріне шабуыл жасаған тұрғын 22 жылға сотталды
Пәтерде бірге ішімдік ішкен ер адамдар арасындағы жанжалдан кейін бір адам қаза тауып, екіншісі аман қалған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қарағанды облысының Балқаш қаласында ер адамды өлтіріп, тағы бір адамды қазаға ұшыратуға оқталған тұрғын 22 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің барынша жоғары қауіпсіздік мекемесінде өтейді. Бұл туралы Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі жазды.
Қылмыстық оқиға 2026 жылғы 9 мамырда болған. Алдын ала мәлімет бойынша, ер адамдар таныстарының пәтерінде бірге ішімдік ішкен. Басқосу барысында олардың арасында жанжал туындап, кейін күдікті пәтердің балконында С. есімді азаматқа бірнеше рет пышақ жарақатын салған. Жәбірленуші алған жарақаттарынан көз жұмған.
Осыдан кейін сотталушы екінші жәбірленуші – Ж. есімді азаматты да өлтіруге әрекет жасаған. Алайда ер адам дер кезінде медициналық көмек көрсетілуінің арқасында аман қалған.
Сот отырысында сотталушының кінәсі толық дәлелденді. Іс бойынша жәбірленушінің, куәгерлер мен сарапшылардың көрсетімдері, сот-медициналық және сот-биологиялық сараптамалардың қорытындылары, сондай-ақ басқа да материалдар дәлел ретінде ұсынылған.
Мемлекеттік айыптаушы Х.-ны тағылған барлық айып бойынша кінәлі деп танып, 20 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Қаза тапқан адамның әйелі М. мен жәбірленуші Ж. соттан қатаң жаза тағайындауды талап етті. Ал қорғау тарапы сотталушының кінәсі дәлелденбегенін алға тартып, оны ақтауды сұраған.
Сот Х.-ға Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі бойынша адам өлтіргені үшін 13 жыл, ал ҚК-нің 24-бабы 3-бөлігі, 99-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы бойынша екі адамды өлтіруге оқталғаны үшін 15 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Қылмыстардың жиынтығы ескеріліп, сотталушыға түпкілікті 22 жыл бас бостандығынан айыру жазасы белгіленді. Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің барынша жоғары қауіпсіздік мекемесінде өтейді.
Сот жеңілдететін мән-жайларды анықтамаған. Ал алкогольдік мас күйде болуы және қауіпті қылмыстық рецидив ауырлататын мән-жайлар ретінде танылды.
Жәбірленушілердің моральдық зиянды өтеу туралы азаматтық талаптары толық қанағаттандырылды. Қаза тапқан азаматтың әйелі М.-ның пайдасына 10 миллион теңге, ал Ж.-ның пайдасына 5 миллион теңге өндірілді. Материалдық шығынды өтеу туралы талаптар ұсынылған түбіртектер мен растайтын құжаттарға сәйкес ішінара қанағаттандырылды.
Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Материал авторы