ҰҚК 40 млн теңгеден астам заңсыз сыйақы алды деген күдікпен екі шенеунікті ұстады
Көлік саласындағы екі шенеунік 40 млн теңгелік іске байланысты қамауға алынды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі тамыз айында көлік бақылау жүйесінің екі қызметкерін ұстады. Тергеу мәліметінше, олар кәсіпкерлерден 40 млн теңгеден астам заңсыз сыйақы алған.
ҰҚК баспасөз қызметінің мәліметінше, күдіктілердің бірі – Көлік министрлігі Автомобиль көлігі және көлік бақылау комитеті төрағасының орынбасары. Екіншісі – Ақмола облысы бойынша көлік бақылау инспекциясы басшысының орынбасары.
Тергеу нұсқасына сәйкес, шенеуніктер рұқсат етілген салмақ нормасынан асып кеткен жүктерді тасымалдаған көлік құралдарының бақылаудан кедергісіз өтуін қамтамасыз еткен. Бұл қызметі үшін олар кәсіпкерлерден материалдық сыйақы алған деген күдік бар.
«Олар рұқсат етілген салмақ нормасынан асып кеткен жүгі бар көлік құралдарының кедергісіз өтуін қамтамасыз еткен заңсыз қызметке күдікті. Тергеу мәліметінше, олар кәсіпкерлерден 40 млн теңгеден астам материалдық сыйақы алған», – делінген ҰҚК хабарламасында.
Соттың санкциясымен екі күдікті де қамауға алынды.
Қазір іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Материал авторы