1597

ММА файтері Еркебұлан Тоқтар әлеуметтік желідегі видеосы үшін жазаланды

Әлеуметтік желідегі видеосы дауға қалған Еркебұлан Тоқтар жазаланды.

ММА файтері Еркебұлан Тоқтар әлеуметтік желідегі видеосы үшін жазаланды
instagram.com/erkebulan_toktar

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, қазақстандық актер әрі аралас жекпе-жек шебері Еркебұлан Тоқтар әлеуметтік желідегі видеосына байланысты әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Алматы прокуратурасының мәліметінше, спортшы видеода бейәдеп сөздер қолданған. 

Прокуратураның баспасөз қызметі әлеуметтік желілерді бақылау барысында Еркебұлан Тоқтардың балағат сөздер айтқан видеосы анықталғанын хабарлады.

Осы дерек бойынша іс Алматының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында қаралған. Сот спортшыны Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы бойынша кінәлі деп танып, оған әкімшілік жаза тағайындаған.

«Танымал болу жауапкершіліктен босатпайды. Алматының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының қаулысымен ол кінәлі деп танылып, ӘҚБтК-нің 434-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – деп мәлімдеді Алматы прокуратурасы.

Еркебұлан Тоқтар бұған дейін ММА және жұдырықтасу жекпе-жектеріндегі өнерімен танылған. Биыл тамызда ол кәсіби бокстағы үшінші кездесуін өткізіп, үш жекпе-жектің үшеуінде де жеңіске жеткен.

Сонымен қатар спортшы Octagon ММА лигасының BMF белбеуіне ие және жұдырықтасу форматындағы жекпе-жектерге де қатысады.

 

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор