1488

«Бесеуі бір балаға жабылған»: Атыраудағы жасөспірімдер төбелесі видеоға түсіп қалды

Нұрсая шағынауданындағы жанжал кезінде бес жасөспірім бір оқушыны соққыға жыққаны айтылып, оқиға видеоға түсіп қалған.

«Бесеуі бір балаға жабылған»: Атыраудағы жасөспірімдер төбелесі видеоға түсіп қалды
t.me/kopsozkz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырауда жасөспірімдер арасындағы төбелес видеоға түсіп, әлеуметтік желіде тарады. Кадрларда бір жасөспірімге бірнеше баланың күш көрсеткені көрінеді. Полиция оқиғаға қатысқандардың барлығын анықтап, оларды бөлімшеге жеткізді. Бұл туралы Атырау облысының полиция департаменті жазды.

Telegram-дағы kopsozkz арнасында жарияланған ақпаратқа сәйкес, оқиға Нұрсая шағынауданындағы аулалардың бірінде болған. Куәгердің айтуынша, мектеп оқушылары арасында жанжал шығып, бес жасөспірім бір баланы ұрған.

Жарияланған мәліметте төбелесті ересек ер адам ажыратқаны айтылады. Ол мектеп қызметкері немесе мұғалім болуы мүмкін деген болжам келтірілген.

Оқиғаға байланысты Атырау облысының полиция департаменті әлеуметтік желідегі жазбаға пікір білдірді. Ведомство барлық қатысушылардың кәмелетке толмаған екенін хабарлады.

«Құқық бұзушылыққа жол берген барлық кәмелетке толмаған анықталып, полиция басқармасына жеткізілді. Қазір олардың заңды өкілдерінің қатысуымен түсініктеме алу жүргізіліп, жауапкершілікке тарту бойынша тиісті шаралар қабылданып жатыр», – деп мәлімдеді полиция.

Полиция құқық бұзушылық жасаған жасөспірімдер ішкі істер органдарының есебіне қойылып, әрі қарай бақылауда болатынын хабарлады. 

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор