1442

Жаңаөзендегі ауруханаға бөлінген 223 млн теңге бойынша қылмыстық іс қозғалды

Тергеу нұсқасы бойынша, Жаңаөзен ауруханасына бөлінген 223 млн теңгенің басым бөлігі өзге мақсатқа жұмсалып, күдіктілер арасында бөлінген.

Жаңаөзендегі ауруханаға бөлінген 223 млн теңге бойынша қылмыстық іс қозғалды
ҚМА

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Маңғыстау облысында Жаңаөзен қалалық көпбейінді ауруханасына демеушілік көмек ретінде бөлінген қаражатты жымқыру дерегі бойынша тергеу жүріп жатыр. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі жазды.

Тергеу материалдарына сәйкес, 2025 жылы Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясына ауруханада күйік бөлімшесін ашуға демеушілік көмек көрсету туралы өтініш жолдаған. Жобаға 223 млн теңге бөлініп, бұл қаражатты «Өзенмұнайгаз» АҚ «Жарылқау» қоғамдық қорына аударған.

Алғашқы жоспар бойынша қаржыға медициналық жабдықтың сегіз түрін сатып алып, мамандарды оқыту көзделген. Алайда кейін жоба шарттары өзгеріп, қоғамдық қор, қалалық аурухана және «AKBS Invest» ЖШС арасында үшжақты келісім жасалған. Соның нәтижесінде бөлімшені кешенді жабдықтаудың орнына құны 210 млн теңге болатын небәрі екі күйікке қарсы төсек сатып алу жоспарланған.

ҚМА мәліметінше, бұл сатып алу осындай құны бар медициналық техниканы Бірыңғай дистрибьютор арқылы алуды көздейтін заң талаптарын айналып өту арқылы жүргізілген.

Тергеу нұсқасы бойынша, іске қалалық аурухана директорының орынбасары, «Жарылқау» қоғамдық қорының басшысы, Жаңаөзен қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары және жабдық жеткізуші қатысы бар.

Жабдықты сатып алуға іс жүзінде 92 млн теңге ғана жұмсалған. Қалған қаражат, тергеу болжамынша, үлестес кәсіпорындар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылып, схемаға қатысушылар арасында бөлінген.

Бұдан бөлек, «AKBS Invest» өкілі қылмыстық жолмен алынған қаражатқа елордадан пәтер сатып алып, оны үшінші тұлғалардың атына рәсімдеген деген күдік бар.

Жаңаөзен қаласы әкімінің бұрынғы орынбасарына қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 361-бабы бойынша — лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану фактісімен қылмыстық іс тергеліп жатыр.

Үш күдікті қамауға алынған. Сот санкциясымен олардың мүлкіне, оның ішінде үш пәтеріне, екі тұрғын үйі мен автокөлігіне тыйым салынды.

Тергеу жалғасып жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, істің өзге мән-жайлары жария етілмейді.

Материал авторы