1656

19 жастағы сарбаз әскерден ауыр дертпен оралды: Қорғаныс министрлігі жауап берді

Әскерге шақырылған кезде денсаулығына шағымы болмаған сарбаз кейін ауруханаға жатқызылып, толық тексеруден өткен.

19 жастағы сарбаз әскерден ауыр дертпен оралды: Қорғаныс министрлігі жауап берді
freepik.com

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Түркістан облысының 19 жастағы мерзімді әскери қызметшісі әскерден денсаулығы ауыр жағдайда оралған. Оның туыстары жас жігітке медициналық көмек дер кезінде көрсетілмегенін айтып, шағымданған. Қорғаныс министрлігі бұл жағдайға қатысты түсініктеме берді.

19 жастағы бұрынғы сарбаздың әскерден ауыр сырқатпен оралғаны және қазір өздігінен жүріп-тұра алмайтыны туралы ақпарат әлеуметтік желідегі Telegram-арналардың бірінде тараған. Жас жігіттің жақындары оның қызмет кезінде дер кезінде ем алмағанын айтып, әскери ведомствоға наразылық білдірген.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, азамат 2025 жылғы қарашада мерзімді әскери қызметке шақырылар алдында медициналық тексеруден өткен. Сол кезде ол денсаулығына қатысты ешқандай шағым айтпаған. Әкімдік жанынан құрылған медициналық комиссия оның әскери қызметке жарамды екенін анықтаған.

Министрлік өкілдері сарбаз қызмет барысында денсаулығына байланысты шағым айтқаннан кейін қажетті медициналық тексерулерге уақытында жіберілгенін мәлімдеді. Ол ауруханаға жатқызылып, тиісті ем қабылдаған.

«Жан-жақты тексеру барысында туа біткен буын патологиясымен қатар, зәр шығару жүйесіне қатысты қосымша аурулары да анықталды», – деп хабарлады Қорғаныс министрлігі.

Ведомствоның мәліметінше, анықталған аурулардың жиынтығы ескеріліп, сарбаз әскери-дәрігерлік комиссияға ұсынылған. Комиссия оны әскери қызметке жарамсыз деп таныған.

Осыдан кейін жас жігіт белгіленген тәртіппен денсаулық жағдайына байланысты әскери қызметтен босатылған.

Материал авторы