Рыбакина АҚШ ашық чемпионатының финалында Соболенкоға қарсы ойнайды
Қазақстанның бірінші ракеткасы мансабында алғаш рет US Open финалына шықты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина АҚШ ашық чемпионатының 2026 жылғы турнирінде финалға жолдама алды. Ол шешуші кездесуде әлемнің төртінші ракеткасы, америкалық Коко Гауффты жеңді.
Турнирде екінші нөмірмен өнер көрсетіп жатқан Рыбакина жартылай финалда 2023 жылғы US Open чемпионы Коко Гауффпен кездесті. Кездесу екі сағат тоғыз минутқа созылып, қазақстандық теннисшінің 3:6, 6:4, 6:4 есебіндегі жеңісімен аяқталды.
Рыбакина матч барысында бес эйс жасап, екі рет қос қателік жіберді. Ол алты брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды.
Осылайша қазақстандық спортшы алғаш рет US Open финалына шықты. Енді ол чемпиондық атақ үшін Беларусь өкілі Арина Соболенкомен ойнайды. Соболенко жартылай финалда америкалық Джессика Пегуланы 7:5, 6:2 есебімен жеңді.
Айта кетейік, Соболенко US Open турнирінің соңғы екі жылғы чемпионы. Ал биылғы жарыстың қорытындысы бойынша Рыбакина WTA рейтингінде әлемнің бірінші ракеткасы атанады. Осылайша ол рейтинг көшін дәл Соболенкодан қабылдайды.
US Open финалы 12-нен 13 қыркүйекке қараған түні Астана уақытымен сағат 01:00-де басталады.
Елена Рыбакина бұған дейін «Үлкен дулыға» санатындағы екі турнирде жеңіске жеткен. Ол 2022 жылы Уимблдонда, ал 2026 жылы Australian Open жарысында чемпион атанды.
Материал авторы